2024 жылдан бастап суды шектен тыс көп пайдаланатын шаруалар үшін тариф қымбаттайды

Жарияланды (жаңартылды )

2024 жылдан бастап суды шектен тыс көп пайдаланатын шаруалар үшін тариф қымбаттайды, деп мәлімдеді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

«Министрлік құрылғаннан бері біз осы мәселемен айналысып жатырмыз. Бүгінде барлық облыста қоғамдық тыңдау өткізілді. Су тарифі көтеріледі. Суды нормативтен тыс пайдалану жаңа тариф бойынша төленеді», – деді Н. Нұржігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.


Министр судың жаңа тарифі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетінін жариялады және шаруаларды суды үнемдеп пайдалануға шақырды.

Н. Нұржігітов су тарифінің көтерілуі тек шаруаларға ғана қатысты болатынын, қарапайым тұтынушыларға алаңдаудың қажеті жоқ екенін нақтылады.
Министр Қазақстанның орталық және батыс өңірлерінде ауыз судың сапасы нашар екенін айтты.

«Бұл – Қазақстанның орталық және батыс өңірлері. Мысалы, Ақмола облысы, Ұлытау облысы, Маңғыстау және Атырау облыстары. Мұнда ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселе бар. Оңтүстік және шығыс өңірлерде жағдай жақсы», – деді Н.Нұржігітов.
Жалпы, Қазақстанда судың тарифі төмен. Күнделікті өмірде суды ысырап ету, үнемдемеу қалыпты жағдайға айналған. Үкімет су ресурстарын тиімді басқарудың түрлі шешімдерін ұсынса да, су дағдарысының алдын алудың нақты шешімін тапқан жоқ. Бұл туралы «Paperlab» зерттеу орталығында талқыланды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы қандай деңгейде болатынын мәлімдеді.

«…2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері халықтарды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндет», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев 9 қарашада өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Қазақстанға су ресурсы тапшылығының қаупі төніп тұрғанын айтты.

«Жағдайды экономикамыздың негізгі салаларының, әсіресе ауыл шаруашылығы саласының су тұтыну көрсеткішінің жоғары болуы ушықтырып тұр. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы құрғақшылық пен су тасқыны өнім алу көрсеткішін 30%-ға дейін төмендетуі мүмкін. Біздің аграрлық сектор 60%-дан астам су тұтынады және жергілікті жерде су үнемдеуді талап етеді. Бұл аса өзекті мәселе. Біз осы сын-тегеуірінге жауап ретінде су секторын жаңғыртуға көшеміз. Алдағы уақытта 20 жаңа су қоймасын құрып, 15-тен астам қолданыстағы су қоймасын қалпына келтіру жоспарланған», – деді Қазақстан басшысы.

БҰҰ даму бағдарламасының болжамында 2040 жылға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 50%-ға жетуі мүмкін. Өңірлердегі су тапшылығының салдарынан 2050 жылға қарай ЖІӨ 6%-ға азаюы ықтимал.

Сондай-ақ оқыңыз