Жаңалықтар

«Қорғас» базасында азық-түлік хабы құрылады: Смайылов көтерме сауда саласындағы реформа жайын айтты

Премьер об оптоой торговле

2026 жылға қарай «Қорғас» ШЫХО негізінде заманауи азық-түлік хабы құрылмақ. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Amanat фракциясы депутаттары сауалына берген жауабында жазылған.

Дүйсенбай Тұрғанов пен Сергей Пономаревтың сауалынде елдегі азық-түлік қауіпсіздігі мен сауда-логистикалық хабтарды дамыту мәселесі көтерілген. Олардың айтуынша, Қазақстандағы азық-түлік хабтарының саны жеткіліксіз.

«Даму және жеке инвестицияларды тартуды ынталандыру үшін сауда-логистикалық хабтар арқылы көтерме сауданы жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет, бұл ретте ұсақ көтерме және бөлшек сауданы сауда базарлары мен басқа да сауда объектілері арқылы қалдыру қажет», – делінген депсауалда.

Үкімет басшысының жауабында Cауда және интеграция министрлігі 2020 жылдан бері CЛХ жобаларын тұжырымдамалық іске асыру бойынша жұмыс жүргізілгені жазылған. Соның ішінде Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында тиісті хабтар құру мүмкіндігін пысықтай отырып, зерттеу мен экономикалық талдау жүргізді. Жүргізілген жұмыс нәтижесі 5 CЛХ салынатын орын айқындалған.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазіргі кезде КЛХ арқылы ірі көтерме сауда мүмкіндігін заңнамалық бекіту жұмысы жүріп жатыр. Сауда саласындағы заңнаманы өзгертудің 2 тәсілі қарастырылуда:

1) «ірі көтерме және шағын көтерме сауда» ұғымдарын енгізу және КТЛ мен көтерме тарату орталықтары арқылы ірі көтерме сауданы қайта бағдарлау;
2) көтерме сауданың КТЛ мен көтерме – сауда орталықтары арқылы толық ауысуы.

Ал ел аумағында көлік логистикасын дамыту және тауар айналымын ұлғайту мақсатында Астана қаласында – 4, Алматы қаласында – 1, Алматы облысы – 5, Шымкент қаласында – 3, сондай-ақ Ақтөбе, Маңғыстау, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарында 20-дан астам көлік-логистикалық орталық жұмыс істейді.

Қазіргі кезде Алматы облысындағы 5 КЛХ-дан тек «Қорғас» қана жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 2026 жылға қарай «Қорғас» базасында азық-түлікті сақтауға және таратуға бағытталған заманауи азық-түлік хаб құру жоспарланған.

«Азық-түлік хабын құру – мемлекеттік деңгейдегі міндет, оның шешіміхалықаралық тауар алмасуға серпін беруге, агроөндірісті ынталандыруға және өңірлік деңгейдегі аралас инфрақұрылымды (қоймалар, сақтау орындары, кептіргіштер, жергілікті қайта өңдеу қуаттары) қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді Смайылов.

Сауда және интеграция министрлігінің ақпараты бойынша, қазіргі кезде ел аумағында 8 жеке сауда-логистикалық хаб жұмыс істейді. Жер учаскелерінің жалпы аумағы 186,7 гектар, сақтау алаңы – 150 811 шаршы метр, сақтау әлеуеті – 948 027 тонна.

«Қорғас» ШЫХО үш жылдық үзілістен соң, биыл 24 сәуірден қайта ашылған болатын.

Осыдан үш жыл бұрын Қорғастағы «Арнайы экономикалық аймақтың басқарушы компаниясының» акциялары Алматы облысының коммуналдық меншігінен республикалық меншікке ауыстырылған еді. Биыл мамырда Үкімет «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы акцияларын коммуналдық меншікке берді.