Бюджеті 45 млн доллар болатын Голливуд фильмі Қазақстанда түсіріледі

Жарияланды
кино
Фото: pixabay.com

Американың танымал Wonderhill Studios компаниясы Қазақстанмен және Грузиямен бірлесіп кино одақ құрады.

Әзірге америкалық киностудия Грузиямен кәсіпорын құруға келіскен. Тиісті ынтымақтастық туралы меморандумға Цинандали қаласында қол қойылған. Wonderhill Studios бас директоры Марвин Пирттің айтуынша шығармашылық серіктестікке Қазақстан тарапы да қызығушылық білдірген.

«COVID-19 пандемиясына байланысты біздің студияда фильмдер өндірісі кешіктірілді. Сондықтан біз телешоуларға бет бұрдық. Мұндай тележобалардың Америкада сұранысы артып, танымалдыққа ие болды. Енді біз қалың аудиторияға арналған фильмдер шығаруға қайта оралғанды жөн деп таптық. Грузия – өте шабыттандыратын өңір. Қазақстан сияқты елдер біздің жобаларымызды жүзеге асыруға дайын екенін көрсетті», – деді.

Кино одақ телебағдарламалар мен көркем фильмдер жасаумен айналысады. Мұндай серіктестік өңірлердегі экономиканың дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жалпы ұлттық мәдениетке оң ықпал етеді деп күтілуде.

Киностудия алғашқы бірлескен көркем фильмді Қазақстанда түсіруді жоспарлап отыр. Бұл туынды ерлер арасындағы ат жарысында әлемде бірінші болып жеңімпаз атанатын шабандоз қыз туралы болады. Фильм сценарийін жазған Том Тихольцтің айтуынша оның сценарий жазуда шабытының ашылуына Қазақстан дәстүрі мен мәдениеті себеп болған.

«Мен Астанада болдым. Қазақстанды аралап, жергілікті халықпен сұхбат жүргіздім. Халықтың салт-дәстүрімен, түрлі ұлттық рәсімдерімен таныстым. Бәрі де мен үшін қызық әрі таңғаларлық болды. Менің фильм оқиғасын жазып шығуыма қажетті материалдардың барлығын алдым. Қазақстан мәдениетінің байлығы мені таң қалдырды. Ат жарысының дәстүрі, адамдардың құндылықтары бәрі де қызық. Меніңше, мұндай дүние америкалықтарға ұнайды, бұл фильмді АҚШ-та көрсете аламыз деп сенемін. Фильмнің сценарийі дайын, енді актерлар іріктеліп жатыр», –деді Тихольц.

Іріктеу жүріп жатқанымен, фильмнің басты рөлі бекітіліп қойған. Басты рөлді қазақ актрисасы Аянат Кісенбай сомдайды. Оны көрермендер «Көшпенді» және «Ләйләнің зары» фильмдерінен жақсы таниды.

Фильмнің түсірілімі келесі жылға жоспарланып отыр. Ал бюджеті 45 млн долларды құрайды. Түсірілім кезінде Қазақстанда 2500 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сондай-ақ оқыңыз