Биыл негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 12,6%-ға өсіп, 13,3 трлн теңгені құраған. Бұл жайлы Премьер-министр Әлихан Смайылов 6-шы «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумында айтты.
Жиында сөз сөйлеген ол жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсеткенін атап өтті.
«Осы жылдың 10 айында еліміздің Жалпы ішкі өнімінің өсімі 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі салада оң динамика тіркеліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ға өсіп, 13,3 трлн теңгені құрады. Өңірлік деңгейде қарайтын болсақ, Қазақстанға Орталық Азия аймағындағы шетелдік инвестициялардың 70%-ы тиесілі. Өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ға өсіп, 28 млрд долларға жетті. Биылғы жылдың 6 айында ұлттық экономикаға тағы 14 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестиция тартылды», – деді Смайылов.
Ол сонымен бірге еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтинг тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody’s халықаралық агенттіктері растап, оң бағалағанын айтты. Осы орайда үкіметтің 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін 2 есе арттыру міндетін қойып отырғанын да атап өтті.
Смайылов бүгінгі күні жалпы құны 1,5 млрд долларды құрайтын 6 инвестициялық келісімге қол қойылғанын атап өтті.
«Ұлттық инвестициялық саясат шеңберінде ESG стандарттарын ескере отырып, Қазақстан 2029 жылға дейін кемінде 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тартуға мүдделі. Сол үшін біз инвесторларға қолайлы жағдайлар жасауды, оның ішінде, инвестицияларды қолдау құралдарын жетілдіруді одан әрі жалғастырамыз. Сондай-ақ, инвесторлардың сұраныстарына сәйкес қосымша керекті қолдау шараларын тұрақты түрде енгізетін боламыз. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, Қазақстан экономикасына белсенді инвестиция салуға шақырамыз»,– деді премьер-министр.
Ал форум аясында экономиканың түрлі салалары бойынша жалпы құны 1,6 млрд доллардан асатын 20-дан астам коммерциялық келісімдерге қол қойылды.