Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Шымкент қаласының әуежайына жақын орналасқан 51 заңсыз объектіні заңдастыру мәселесі сот тәртібімен қаралатынын айтты.
«AMANAT» партиясы мен «Халық» партиясының депутаттары Шымкент қаласы әуежайына іргелес аумақтарда орналасқан тұрғындардың мәселесін көтеріп, премьер-министрдің орынбасарына сауал жолдаған болатын.
«Бүгінде республика бойынша әуежай маңындағы аумақ шегінде белгіленген шектеулерді сақтау мақсатында, онда заңсыз орналасқан тұрғын үйлерді және басқа да ғимараттарды бұзу және жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онда басқа объектілермен қатар, халық тұратын 179 жекеменшік
тұрғын үй орналасқан. Олардың ішінде 128 үйдің құжаты бар, ал қалған 51 үйдің заңдастырылмағаны, жер учаскесін иелену туралы мемлекеттік актісі жоқ екені анықталған», – деген депутаттар.
Олар бұл мәселенің оңтайлы шешілуі үшін 51 отбасының өздері тұрып жатқан жер учаскелеріне құжаттарын рәсімдеп, заңдастыруы үшін шұғыл шаралар қабылдауды және жер учаскелерін мемлекет мұқтажына қайтару кезінде берілетін өтемақы сомасында тұрғын үйдің бағасымен қатар, жер учаскесі құнының есепке алынуын қатаң бақылауға алуды сұрады.
Ал Дүйсенова бұл мәселенің сотпен шешілуі тиіс екенін мәлімдеген.
«Шымкент қаласының әуежайына жақын орналасқан 51 заңсыз объектіні заңдастыру мәселесі сот тәртібімен қаралуға тиіс. Меншік иесінің келісімімен мүлікті тең мөлшерде өтеу шартымен немесе сот шешімі бойынша жер мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылуы мүмкін. Тең мөлшерде өтеу бағалау жүргізілгеннен кейін басқа мүлік беру немесе иеліктен шығарылатын жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын өтеу жолымен жүргізіледі»,- деп жауап берген ол.
Депутаттар сонымен бірге Шымкент қаласы аэропортының ұшу жолықтарын солтүстік- батыс аумағына көшіру мәселесін қарастыруды сұраған, бірақ Дүйсенова Шымкент қаласының бекітілген бас жоспарына сәйкес, әуежайдың ұшу-қону жолағын ауыстыру көзделмегенін, керісінше, Шымкент қаласының әкімдігі азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп ұшу қону жолағын ұзартуды қарастырып жатқанын айтқан.
Осыған дейін Бас прокуратура Қазақстан бойынша тексеріс жүргізіп, нәтижесінде әуежайлардың санитарлық-қорғау аймағы шегінде жергілікті атқарушы органдардың 1,2 мыңға жуық жер телімі заңсыз бергенін анықтаған. Ол учаскелерге 900-ден астам ғимарат салынған. Жауапты комиссияның келісімінсіз аэродром маңында 100 мыңнан астам түрлі нысан салынған.
Көктемде Алматы қаласының Авиациялық көлік прокуратурасы заңсыз шығарылған мемлекеттік активтерді қайтару жөніндегі жұмыс шеңберінде Алматы халықаралық әуежай жолаушылар терминалының коммерциялық үй-жайларын мемлекет меншігіне қайтарды.