Инфляция төмендеп, теңге құнсызданады: Нарық қатысушыларының 2024-2025 жылдарға болжамы қандай?
Фото: shutterstock.com
Нарықтың кәсіби қатысушылары ел экономикасына қатысты жағымды болжам жасап отыр. 2024-2025 жылдары Қазақстанда инфляция 7-8 пайыз деңгейінде, ал ЖІӨ өсімі 4,5-5 пайыз болуы мүмкін. Ал доллар бағамы алдағы екі жылда 477,8 және 490,7 теңге айналасында қалыптасып, теңге құнсыздануы ықтимал. Нарық өкілдері ҚР Ұлттық банкі жүргізген макроэкономикалық сауалнама барысында осындай пікір білдірген.
Базалық мөлшерлеме 2024-2025 жылдары 12-10 пайзы деңгейінде бекітілуі мүмкін.
Brent макалы мұнай бағасына қатысты болжам жыл аяғына дейін $83,1 деңгейінде болса, алдағы екі жылда сәл арзандап, 80 долларды құрауы ықтимал.
«Ағымдағы жылдың қараша айында респонденттер мұнай нарығындағы баға құбылмалылығының сақталуына байланысты, 2023 жылға арналған мұнай бағасы бойынша күтулерді баррель үшін 80,0 АҚШ доллардан 82,0 АҚШ долларға дейін қайта қараcтырды. Кейінгі кезеңдер үшін мұнай бағасы бойынша сценарий шарттары өзгерген жоқ, яғни 2024 жылы орта есеппен баррель үшін 80,7 АҚШ доллар деңгейінде, ал 2025 жыл бойынша баррель үшін 80,0 АҚШ доллар деңгейінде қалыптасты» – делінген хабарламада.
Ал Қазақстан ЖІӨ-сіне қатысты болжам жақсартылған: 2023 жылға – 4,4%-дан 4,6%-ға дейін, 2024 жылға – 4,3%-дан 4,5%-ға дейін, 2025 жылға – 4,5%-дан 5,0%-ға дейін көтерілген.
Нарық өкілдері алдағы уақытта инфляция одан әрі төмендейді деген пікірде. Жыл соңына қарай ол 10 пайызды құраса, 2024 жылы – 8 пайыз, ал 2025 жылы 7 пайызды құрауы мүмкін.
Респонденттердің тауар мен қызмет экспортын көлемін бағалауы біршама өзгерген. Сарапшылардың 2023 жылға арналған экспорт көлемі бойынша күтулері 83-тен 81,9 млрд АҚШ долларына, ал 2024 және 2025 жылдарға арналған болжам, сәйкесінше 85,4-тен 86,5 млрд АҚШ доллары және 88-ден 90,7 млрд АҚШ долларына дейін өзгерді.
Сауалнамаға AERC, Halyk Finance, Jusan Invest, NAC Analytica, Азия Даму Банкі, АКРА, Евразиялық экономикалық комиссия, Евразия Даму Банкі, Экономикалық зерттеу институты, Ренессанс Капитал, Сентрас Секьюритиз, Фридом Финанс өкілдері қатысқан.
Қаңтар-тамыз айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,9% өскенінмен, қазан айында 4,7 пайызға дейін баяулаған болатын.
Ел үкіметінің 2024–2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында ЖІӨ орташа жылдық өсімін 5,8% құрайды делінген. 2024 жылы экономика 5,3%-ға, ал 2028 жылға қарай қарқын 6%-ға дейін жетуі тиіс.
Тамыз бен қыркүйекте 3%-ға құнсызданған теңге қазан айында біршама нығайып, ресми бағам 470,30 теңге болып белгіленді.