Өзбекстанда МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады
Фото: kursiv.media
Өзбекстанның Самарқанд облысындағы Қаттақорған полигонда МИ-8 әскери тікұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері түгел қаза тапты. Тікұшақ елдің Қорғаныс министрлігіне тиесілі болған. Бұл туралы Өзбекстан Қорғаныс министрлігі хабарларды.
«Бүгін сағат 20:15-те Қаттақорған полигонында оқу-жаттығу кезінде Әуе қорғанысы және әуе күштері қолбасшылығына тиесілі Ми-8 тікұшағы апатқа ұшырады, қайғылы оқиға салдарынан тікұшақ экипаж қаза тапты», – делінген хабарламада.
Қазіргі кезде оқиға орнында апат себептерін анықтайтын арнайы комиссия жұмыс істеп жатқаны хабарланды.
«Каттақорған» – Өзбекстандағы 2019 жылдың қарашасында ашылған ең ірі әскери полигон.
Қазақстанда да 2023 жылдың ақпанында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшыған еді. Орал қаласынан 54 шақырым жерде Қазавиақұтқару тікұшағы қонуға мәжбүр болып, 4 адам қайтыс болған.
Осы апаттан соң, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі Ми-8 типті тікұшағын пайдаланатын әуе компанияларының қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізетінін хабарлаған.