Жаңалықтар

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада кенже інісінің рухына арнап ас берді

Фото: nazarbayev.kz

Бүгін, 18 қарашада Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Республикалық бас мешітте інісі Болат Назарбаевтың рухына арнап ас берді.

Асқа экс-президенттің ет жақын туыстары, қыздары, күйеу балалары және бұған дейін биліктің жоғары эшелонында болған Нұртай Әбіқаев, Қуаныш Сұлтанов, Ахметжан Есімов, Қанат Саудабаев, Ермұхамет Ертісбаев, Қайрат Мәми, Қайрат Қожамжаров, Қырымбек Көшербаев, Өмірзақ Шүкеев, Даниял Ахметов, Мырзатай Жолдасбеков сынды азаматтар қатысты.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марқұмның рухына құран бағыштады. Нұрсұлтан Назарбаев бауырын еске алып, сөз сөйледі.

Экс-президенттің жиналғандарға не айтқанын БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған жеткізді.

«Маған ол кісінің сөзі ұнады. Ол кісі: «Біздің кенжеміз еді, қолымызда өсті. Маған бауырымның кеткені батып тұр. Оны жоғалту мен үшін өте қиын. Көп адамдар не айтатынын білемін, бірақ мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым және Қазақстанда соғыс болған жоқ деді», – деп баяндады Н.Назарбаевтың сөзін Б. Аяған.

Н.Назарбаевтың үзеңгілесі Қуаныш Сұлтанов астан кейін тілшілермен тілдескенде: «Мен Назарбаевқа көңіл айтуға келдім, көңіл айттым», – деп қысқа қайырды. Н.Назарбаевты сынап, таяуда ғана сұхбат берген академик, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Қазақстанның бұрынғы президенті Назарбаев жайлы айтқандарының барлығы шындық екенін мәлімдеді.

«Сол шындықты билік басында отырғанда неге айтпадыңыз?», – деген сұраққа М.Жолдасбеков: «Менің кітаптарымды, жазбаларымды оқысаң, көресің. Барлық шындық жазылған, – деп жауап берді.

4 қараша ақпарат құралдары Болат Назарбаевтың денсаулығы күрт нашарлап, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.

13 қарашада Алматыдағы Орталық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі: «2023 жылдың 13 қарашасында сағ. 09.51-де Болат Назарбаев қайтыс болды», – деп хабарлады.

13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевқа інісі Болат Әбішұлының қайтыс болуына байланысты көңіл айтқаны мәлімделді.

14 қарашада Болат Назарбаевты жерлеу рәсіміне кімдер қатысқаны жарияланды.


17 қарашада Қазақстанның бұрынғы президенті Н.Назарбаев қайғысына ортақтасқан көпшілікке алғыс айтты.

«Інімнің мезгілсіз қайтыс болуына орай айтылған жылы сөздер мен шынайы тілектеріңізге ризашылығымды білдіремін. Осындай ауыр сәтте сіздердің көрсеткен қолдауларыңыз маған күш-қуат берді», – делінді Н. Назарбаевтың ресми сайтында жарияланған үндеуде.