Фото: kursiv.media
Экс-сенатор, бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаров «ойдан шығарылып, қолдан құрастырылған» қылмыстық істер бойынша сотталып, кейін ақталған азаматтарға қатысты сұраққа толық жауап бермеді.
Журналист Қайрат Қожамжаровтан: «Алматы қаласы Наурызбай ауданының бұрынғы прокуроры Виктор Тихоновқа, журналистер, әкелі-балалы Сейітқазы Матаев пен Әсет Матаевқа және басқа да тұлғаларға қатысты істерді қолдан ұйымдастыруға сіздің қатысыңыз бар екені туралы айтылады. Осыған түсінік бере аласыз ба?», – деп сұрады.
Экс-бас прокурор Қ.Қожамжаров Астанадағы Республикалық бас мешітте Болат Назарбаевтың рухына бағышталған астан кейін берген сұхбатында тілшіге: «Олар сотталды. Сот оларды кінәлі деп таныды», – деп жауап берді.
Жоғарыдағы сұрақ қойылғанға дейін Қ.Қожамжаров жеке заң компаниясын ашқанын, сонда жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Қолымнан келгенше мемлекеттің, құқықтық жүйенің дамуына үлесімді қостым деп санаймын. Заңгерлер спортшылар сияқты әрқашан формада болуы керек. Ол үшін практикада жұмыс істеу керек. Қазір мен жұмыс істеп жатырмын», – деді бұрынғы бас прокурор.
Естеріңізге салайық, Қ.Қожамжаров кезінде Қаржы полициясын басқарды. Қазақстанның Бас прокуроры, Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өкілеттігін тоқтатқанша, 2023 жылғы 24 қаңтарға дейін Сенат депутаты болды.
Қ.Қожамжаров Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болған кезде Қазақстанның экс-премьерлерінің бірі Серік Ахметовтің, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтің ісін сотқа жеткізді. Ол Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен журналист Бигелді Ғабдуллинге қатысты істі өзі қадағалады. Қайрат Қожамжаров «Бәйтерек» Ұлттық холдингіндегі сыбайлас жемқорлықтың әшкереленуін де ерекше бақылауда ұстады.
Қайрат Қожамжаровтың атышулы «Қорғас ісінде» де қолтаңбасы қалды. 2014 жылы Қазақстан-Қытай шекарасында контрабандалық тауар өткізу желісін ұйымдастырып, кәсіпкерлерден ақша жинады деп айыпталған 45 адам сотталды. Олардың басым бөлігі Кеден қызметінің аймақтық органдары мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жоғары лауазымды қызметкерлері болды. «Қорғас ісі» бойынша негізгі ұйымдастырушы деп танылған Талғат Қайырбаев 16 жылға, Бақыт Отарбаев 17 жылға сотталды. Алматы облысы бойынша Кедендік комитет департаментінің бұрынғы басшысы, полковник Құрманбек Артықбаев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. «Қорғас» кеден бекетінің бұрынғы басшысы, кеден қызметінің подполковнигі Бақытжан Айдаров 5 жарым жылға, «Қалжат» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Миндулла Үмбетқалиев 9 жылға, «Алатау-ЦТО» кеден бекетінің бұрынғы басшысы Михаил Войтович 8 жылға сотталды.
Сол кезде Қ. Қожамжаров «Қорғас ісінен» пайда көргендердің бірі екені айтылды. Бірақ бұл факті іс жүзінде дәлелденбеді. Ал Алматы қаласы Наурызбай ауданының бұрынғы прокуроры Виктор Тихонов жазықсыз сотталып кетті. Кейін оны Жоғары сот ақтап алды. Бұл туралы Виктор Тихонов былай баяндайды.
Виктор Тихонов Қайрат Қожамжаров бас прокурор болып тағайындалғанда сотталатынын түсінген. Өйткені ол 2012 жылы 6 маусымда өлтірілген Алматы қаласы бойынша кедендік бақылау қызметінің қызметкері Медет Жамашевтың ісімен айналысқан. Марқұмның «Қорғас ісіне» қатысы болған.
«Қазір «Қорғас ісінің» Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Қаржы полициясына қатысы болғаны маған ғана емес, барлығына ашық әрі түсінікті. Ол кезде Жамашевтың іс бойынша басты куәгер екенін бәрі білді. Сосын ол өлтіріледі, ал ізі Талғат Махатовқа апарады. Егер менің бұған қатысым болмаса, мен осы әрекеттің түпкілікті бенефициары болмасам, мен қалай әрекет етуім керек? Мен зұлымдықты кім жасағанын анықтап, оларды жауапқа тартып, заң шегінде жазалауға 100% нұсқау берер едім. Ақиқатқа көз жеткізер едім», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданының бұрынғы прокуроры Виктор Тихонов.
Ол «Қорғас ісі» ісі аясындағы өз ісінде Мадияров тергеуші болғанын атап өтті.
«Маған «Атышулы істер өтті, «Қорғас ісі», сенің де ісің өтеді, бәрі түсінікті, бұлқынба» деп түсіндірді. Шамамен осылай болды, қазір бұл адамдар жоғары лауазымдарды иеленіп жатыр. Менің білуімше, ол күні бүгінге дейін «антикорда» жұмыс істейді», – деді Виктор Тихонов.
Ол өзінің сотталуына Қожамжаров, Дүйсенов, Татубаев, Ауғамбаев мүдделі болғанын мәлімдеді.
Виктор Тихонов Алматы қалалық прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау департаментінің бастығы қызметін атқарған. Оны 2017 жылғы қазанда Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу тобы ұстады. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 413- (қылмыстық жауаптылықтан заңсыз босату) және 361- (қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану) баптары бойынша айып тағылды. 2018 жылы ол 3 жылға бас бостандығынан айырылып, «Әділет кеңесшісі» арнайы атағынан айырылды.
2022 жылдың қыркүйегінде Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Бас прокурордың наразылығы негізінде Виктор Тихоновты толық ақтап, оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың болмауына байланысты қылмыстық істі тоқтатты. Сонымен қатар оның қылмыстық істі жүргізуші органның заңсыз әрекеті келтірген зиянға байланысты өтемақы алу талабын мақұлдады.
2023 жылы Виктор Тихоновқа лауазымы мен дәрежесі қайтарылды. Кейін ол өз еркімен прокуратурадағы қызметінен кетті.