Жаңалықтар

Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй жинағын енгізсе, нарықтағы «Отбасы банк» монополиясын жоя ала ма?

Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй жинағын енгізсе нарықтағы «Отбасы банк» монополиясын жоя ала ма? / Фото: Офелия Жакаева

Екінші деңгейлі банктерге  де тұрғын үй жинағы үшін есеп-шот ашуға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді. Тың бастама секілді көрінгенімен, осындай және осыған ұқсас бастамалар бұған дейін де айтылып жүрді. Бірқатар сарапшы «Отбасы банктің» нарықта біржола монополия орнатқанын да талай айтып, сынға алған еді. Өйткені кейбір деректерге сәйкес, «Отбасы банк» отандық ипотека нарығының 60 пайызын иемденіп отыр. Тіпті бұған мемлекеттік органдар да назар аударған еді.

Сарапшылардың айтуынша, екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінде жинақ есеп-шотын ашуға мүмкіндік берілуі нарықтағы «Отбасы банк» монополиясын азайтып, әділ бәсеке орнатады.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаровтың айтуынша, дәл қазір «Отбасы банк» отандық ипотека нарығының 60 пайызын иемденіп отыр.

«Монополиялар екінші деңгейдегі банктердің тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуына қолданыстағы тыйым салуға және бюджеттік қаржыландыруға басым қол жеткізуге ықпал етеді. Осыдан келіп сапа мен қызмет көрсету мерзімі бұзылады. Тұтынушыларға әртүрлі қызметтер, соның ішінде бағалау, нотариаттық қызметтер жүктеледі. Мұндай мысалдар толып жатыр, ол қазір бүкіл саланы қамтуда», – деді Марат Омаров.

Бұған дейін «Отбасы банк» ипотекалық портфелін бәсекелі ортаға беру идеясы да айтылып еді. Бұл туралы қаржы нарығындағы бәсекені дамыту туралы Жол картасында көрсетілген.

«Екінші деңгейдегі банктердің тұрғын үй несиелеу бағдарламаларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету немесе «Отбасы Банктің» халықтың әлеуметтік осал топтарына кредит беру мүмкіндігін қалдыра отырып, ипотекалық портфелін бәсекелестік ортаға беру. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерін қаржылық қолдауды қысқарту және мемлекеттік қолдау шараларын субсидиялаудан несиелерді кепілдендіруге баса назар аудара отырып, экономиканы дамудың нарықтық жағдайына жүйелі көшіру тәртібін айқындау жоспарлануда», – деген дерек келтіреді LSnews Жол картасына сілтеме жасай отырып.

Тәуелсіз қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтың айтуынша, «Отбасы банктің» тұрғын үй жинағындағы мемлекеттік монополиясын жою өте маңызды.

«Ипотекалық портфелді басқа банктерге беру және олардың тұрғын үй жинағы бағдарламасына қатысуын реттеу нарықтағы бәсекені күшейтеді және көрсетілетін қызметтер сапасын жақсартады», – дейді ол.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, көп өтпей екінші деңгейлі банктер тұрғын үй жинағына қолжетімділік алады.

«Банктердің тұрғын үй жинағына қолжетімділік алуына қатысты ұсынысты біз үкіметке енгізіп қойдық. Сонда депозитке мемлекеттік сыйлықақы тек «Отбасы банкке» емес, барлық коммерциялық банкке беріледі. Қазір банктер 16 пайыздық базалық ставкаға бағдар жасай отыра қаржыландырудың 80 пайызын халық пен компаниялардың депозиттерін тарту есебінен жүзеге асыруда. Бұл – «қысқа» ақшалардың бағасы. Экономиканы несиелеудің жоғары ставкасы осы жерден басталады. Егер банктер ұзын ақшаларға қолжетімділік алар болса онда несиелеу ставкасы да төмендейді», – деді Әбілқасымова.

Тұрғын үй нарығы сарапшысы Анна Шацкаяның айтуынша, бастама қолдауға тұрарлық, бірақ бастамас бұрын бірқатар жайтты анықтап алған да абзал.

«Егер әңгіме тұрғын үй құрылыс жинағы бағдарламасын жүзеге асыру үшін арнайы құрылған банк функциясын қайталау туралы болса, онда меніңше, қатардағы салымшы және потенциалды сатып алушы үшін бұл шара айтарлықтай рөл ойнамайды. Салымшыға қай банктің оған бірдей шарттармен қолжетімді ипотекалық несие беретіні маңызды емес. Бірақ егер екінші деңгейлі банктерде ипотекалық тұрғын үй схемасын енгізген кезде олардың арасында бәсекелестік туындап, халыққа тиімді басқа да ипотекалық бағдарламаларды әзірлеуге итермелейді деп есептесек, бұл жақсы болмақ.  Бірақ тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі мемлекеттің қатысуымен құрылғандықтан, екінші деңгейлі банктер тұрғын үй жинақтарына қол жеткізуге мүмкіндік беру оның жылжымайтын мүлік нарығындағы рөлін күшейтуді және бұл үшін қаражат табу қажеттілігін білдіреді. Үкімет бұған келісе ме, ол үлкен сұрақ», – дейді сарапшы.

Шацкаяның сөзінше, банктерге қолжетімділік беру кезінде «Отбасы банктің» қалыптасқан образын айна-қатесіз көшіріп алмау маңызды.

«Жеке өз басым «Отбасы банкке» ұқсас шарттар жасап шығуға және оның функциясын көшіруден айтарлықтай мән көрмей тұрмын. Басқа балама бағдарлама керек. Жылдық 17-20 пайыздық ипотекаға тұтынушылық сұраныстың төмендігін ескерсек, жаңа ипотекалық бағдарламалар пайда болған жағдайда банктер тұрғын үй несиесі бойынша кірістерін арттыра алады. Бұл несиелеу көлеміне байланысты», – дейді ол.

Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турловтың айтуынша, елімізде нарықтық ипотекаға байланысты ешқандай проблема жоқ, өйткені нарықтық ипотеканың өзі жоқ.

«Конгресте осылай деп әзілге сүйеп айтқан болатынбыз. Шын мәнінде, коммерциялық ипотека нарықтың 1 пайызын ғана алатын шығар. Нарықтық ипотека миллиондаған доллар бірліктерімен есептеледі. Бүкіл нарық үшін ондаған миллион доллар болуы мүмкін. «Отбасы банк» – үлкен банк. Мен қазір нақты ақпаратты айта алмаймын, бірақ бұл нарықтың 70-80 пайызы сияқты. Яғни бұл өте көп. Қалғаны «7-20-25» бағдарламасы. «Отбасы банк», шынымен де, тұрғын үйдің басым бөлігін қаржыландырады, басқа коммерциялық банктерге қарағанда мүлдем ассиметриялық субсидияға ие. Бәріміз білетіндей, банктердің басым көпшілігі үшін ипотека – базалық өнімдердің бірі. Коммерциялық банктер бұл жұмысты мемлекеттік банктермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы жасай алатын сияқты. Жалпы, бәсекелестікті дамыту үшін бізге тең жағдай жасау дұрыс деп ойлаймын. Мемлекет өз банкі арқылы нарыққа кейбір сегменттерді жабу жолымен қатысқысы келсе қатыссын. Біз мемлекеттік банктермен бәсекелесуге қарсы емеспіз. Біз онымен бірге жұмыс істеуге дайынбыз. Бізге шартты түрде субсидия, бірдей     сыйлықақылар, ставканы субсидиялау үшін қолданылатын бірдей аударымдар бергені дұрыс шешім болар еді. Егер мемлекеттік банктер бізден жақсы жұмыс істесе, иә, ешқандай сұрақ туындамаушы еді», – дейді Тимур Турлов.

Оның айтуынша, тұрғын үй жинақ жүйесіне коммерциялық банктердің қатысуы нарық перспективасын жақсартады және «Отбасы банктің» де қазіргі ұсынып отырған қызметтер сапасын одан әрі тиімді етуге итермелейді.

«Өйткені олар нарық қолданатын жаңа технологияларды, жаңа мүмкіндіктерді көреді. Менің түсінуімше, «Отбасы банкте» ақша жеткілікті және даму институттары оларды мақсатты түрде алады. Соның ішінде әртүрлі бағдарламаны қаржыландыру да бар. Бұл оларға несие беруге мүмкіндік береді. Өте төмен, нарықтық емес ставкалармен. Олар тағы да даму институттарының ақшасын тұрғын үй жинақтары шеңберінде сыйлықақы төлеу үшін, бюджет ақшасын төлеу үшін қолданады. Сіз ақша салған кезде бұл салымға жоғары пайыздық мөлшерлеме аласыз. Бұл бюджет есебінен төленетін екінші деңгейлі банктен алуға болатыннан әлдеқайда жоғары пайыздық мөлшерлеме», – дейді ол.

Айта кетейік, «Отбасы банкі» тұрғын үй заемдарын жылдық 3,5-5 пайызбен береді, алайда мұндай кредит алу үшін қазақстандық осы банкте салым ашып, оны таңдалған кестеге сәйкес кемінде үш жыл толықтыруға тиіс. Стандартты опция салымшының өзі қажетті соманың 50 пайызын жинақтауды көздейді. Бұл қаражатқа жыл сайын 200 айлық есептік көрсеткіштің 20 пайызы мемлекеттік сыйлық төленеді (биыл ең жоғары мемлекеттік сыйлық 138 мың теңгені құрайды). Мемлекеттік сыйлықақысыз осы депозит бойынша сыйақы жылдық 2 пайызды құрайды, алайда оны ескере отырып, кірістілік 14 пайызға дейін жетеді.

Салымшы қажетті соманы жинақтау жөніндегі талаптарды орындағаннан кейін, сондай-ақ қажетті бағалау көрсеткішіне қол жеткізгеннен кейін (толықтырулардың жүйелілігіне және басқа да шарттарға байланысты) ол жылдық 5 пайызбен қарыз ала алады. Егер салымшы осы шарттарды асыра орындаса, яғни ақшаны үш жылдан астам сақтаса, онда ол жылдық 3,5 пайызға қарызға қолжеткізуге мүмкіндігі бар. Коммерциялық банктер мұндай ставкалармен мақтана алмайды, сондықтан қарыз алушылар мемлекеттік банкті көбірек қолайлы көреді.

Жалпы, Қазақстандағы ипотекалық несиелердің жалпы портфелі биыл мамырға дейін 4,8 трлн теңгеге жетті. Оның 3 трлн теңгеден астамы «Отбасы банкке» тиесілі.

Бірінші несие бюросының мәліметінше, 2022 жылы ипотекалық сегментте 159 мың несие берілген. Осы кезеңде елімізде жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша 465,8 мың мәміле жасалғанын ескерсек, сатылған барлық тұрғын үйлердің 34 пайыздан сәл астамы ипотекамен алынған.

Биыл қаңтар-мамыр аралығында 558,8 млрд теңгеге ипотекалық несие рәсімделіпті. Жалпы соманың 70,4 пайызы «Отбасы банк» берген несиелерге (393,3 млрд теңге, немесе 22,6 мың несие) тиесілі болса, 65,3 пайызы банктің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша берген несиелерге (365,1 млрд теңге, немесе 19,9 мың несие) тиесілі.

Банктердің серіктес бағдарламалары мен жеңілдетілген мемлекеттік бағдарламаларына кірмейтін және тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне жатпайтын ипотекалық несие берумен қазір елімізде 11 екінші деңгейлі банк айналысады. Ranking мәліметі бойынша, бұл сегменттегі ең төменгі ЖТСМ 14,9 пайыздан («Банк ЦентрКредит») 26,5 пайызға (Қазақстандағы Қытай Банкі) дейін ауытқиды. Бұл мөлшерлемелердің жоғарылығы сонша, бұл жолмен үй алатын қазақстандықтар аз.

Кейбір қаржы институттары өз өнімдерін жетілдіріп, серіктес бағдарламалар әзірлейді. Қазір елдегі 4 ЕДБ құрылыс компанияларымен (ТК) серіктес ипотека ұсынып отыр. Олар – Altyn Bank, «Фридом Финанс банкі», Halyk Bank және «Банк ЦентрКредит».