Halyk Finance Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені сақтауды ұсынды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: / Shutterstock

24 қарашада ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша биылғы соңғы шешімін шығарады. Осы ретте Halyk Finance сарапшылары Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені осы деңгейде сақтауды ұсынады.

Сарапшылар ел экономикасына Ұлттық қордан қосымша 1,3 трлн теңге алынатыны проинфиляциялық тәуекелге әкеп соғады, сондықтан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуде аздап үзіліс алған жөн деп тұжырымдайды.

Halyk Finance қарашаның басында тоқсан сайынғы болжамын жаңартып, 2023 жылдың аяғына қарай инфляция 10 пайыз, тіпті одан да төмен деңгейде қалыптасады деп болжаған. Осы жағдайда мамандар базалық мөлшерлемені жыл соңына қарай 16%-дан 15%-ға дейін төмендетуді ұсынған.

Алайда кейінірек экономикаға бюджеттен тыс 1,3 трлн теңге құйылатыны белгілі болды: Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» ҰК акциялары сатып алынды. Осылайша, 2023 жылы Ұлттық қордан ел экономикасына құйылған қаржы (республикалық бюджетке кепілдендірілген және мақсатты трансферттер) 4 трлн теңгеден 5,3 трлн теңгеге жетті.

Бұған дейін бірнеше рет атап өткеніміздей, үкіметтің проциклді бюджет саясаты (мұнай бағасы қымбат кезде ел экономикасын Ұлттық қордан қаржыландырудың артуы) инфляцияның өсуіне әкеп соғады. Осындай жағдайда инфляциялық қысымның алдын алу үшін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені ұстап тұруға мәжбүр. Ел экономикасын Ұлттық қордан бюджеттен тыс қосымша қаржыландыру қазан-желтоқсан айларында инфляцияға қарсы айтарлықтай тәуекел тудыратындықтан, Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендету циклінде үзіліс алғаны жөн»,–деп пайымдайды Halyk Finance мамандары.

6 қазанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16%-ға дейін төмендетті.

Базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті бекітілген кестесіне сәйкес, жылына 8 рет қабылдайды.

Жыл басынан бері мұндай шешім 7 рет қабылданды. Оның бесеуінде базалық мөлшерлеме 16,75 % деңгейінде сақталып қалды. 25 тамыз күні үш жылда алғаш рет базалық мөлшерлеме төмендетіліп, 16,50% мәнінде тоқтаса, қазанда 16 пайыз деп белгіленді.

Айта кетейік, Ұлттық банктің жаңа басшысы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені төмендету қажет екеніне мән берген болатын.

Бұған дейін Halyk Finance Қазақстан бюджеті жыл соңына қарай 3,8 трлн теңге тапшылық сезінетінін ескерткен.

Сондай-ақ оқыңыз