2024 жылы сұйытылған газ қаншалықты қымбаттайды: Энергетика министрлігі жауап берді

Жарияланды
Газ тағы қымбаттайды. shutterstock пен freepik


2024 жылдың алғашқы тоқсанында сұйытылған газ қымбаттайды, деп мәлімдеді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.

Энергетика вице-министрі газ қашан қымбаттайтынын және қалай қымбаттайтынын жариялады.

«20024 жылдың алғашқы тоқсанында сұйытылған газ 5 теңгеге қымбаттайды. Алдағы 3 жылда 6 ай сайын қымбаттап отырады», – деді Әлібек Жамауов.

Вице-министр елімізде 130-135 мың тонна сұйытылған газ өндіріліп жатқанын, тұтыну көлемі бұдан көп екенін, ұсыныс сұранысты қанағаттандыра алмай жатқанын айтты.

Оның сөзінше, автожүргізушілердің жаппай сұйытылған газға көшуі тапшылық туғызуда.

«Өндірушілер үлгермей жатыр. «Теңізшевройлмен» қосымша 10 мың тонна газ өндіруге келістік. Бұған дейін сұйытылған газ экспотына тыйым салынды. Бұл тапшылықты осылай төмендетеміз», – деді Әлібек Жамауов журналистерге арналған брифингте.

Энергетика вице-министрі жыл соңына дейін еліміздің солтүстігі мен шығысына газ жүргізуге қатысты шешім қабылданатынын мәлімдеді.

«Қазақстанның солтүстігі мен шығысына газ жүргізуге қатысты мәселені ресейлік әріптестерімізбен пысықтап жатырмыз. «Газпром» компаниясы жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуде. Ресей тарапымен келіссөз жүріп жатыр», – деді Әлібек Жамауов журналистерге арналған брифингте.

Өткен айда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев министрлік келіссөзді жалғастырып жатқанын, «Қазақгаз» компаниясы арқылы Ресейден газ тасымалдау мәселесі күн тәртібінде тұрғанын, газ құбырларын бір-бірімен байланыстыру өзекті мәселе екенін мәлімдеген болатын. Сол кезде нақты әрі түпкілікті шешім қабылданбағаны жарияланған.

2023 жылы наурыз айында Қазақстан үкіметі «Газпром» ЖАҚ-пен 2023-2024 жылдарға арналған газ саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Құжатқа сәйкес қазір Қазақстанның солтүстігі мен шығысын газдандыру мәселесі қарастырылуда.

Энергетика министрлігінің болжамынша, Қазақстанға Ресей газын жеткізу тиімді шарт негізінде жүзеге асады. Бұған Қазақстан мен Ресейдің қалыптасқан достық қарым-қатынасы негіз болады.

Сәуір айында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев «Қазақгаз» компаниясы мен «Газпром» еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарына жүргізілетін газдың ықтимал бағыты белгілегенін жариялады.

Министр газ құбыры Қытайға дейін созылуы мүмкін екеніне назар аударып, бірінші кезекте Қазақстанның қажеттілігін жабуға басымдық берілетінін баяндаған.

Сондай-ақ оқыңыз