Армения ҰҚШҰ көмегінен бас тартты – Тасмағамбетов
Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) көмегінен бас тартты. Бұл туралы Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездесу барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды БЕЛТА агенттігі.
Ереван ҰҚШҰ-дағы серіктестерінен ресми түрде Арменияға көмек көрсету туралы құжатты күн тәртібінен алып тастауды сұраған.
«Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің өткен жылғы қараша айындағы сессиясының шешімдеріне сәйкес, іс-шаралар жоспары бойынша 34 іс-шараның 32-сі аяқталды. Өкінішке қарай, екі іс-шара орындалмады. Біріншісі – Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы сияқты еуропалық халықаралық ұйымдармен халықаралық байланыстарымыз олардың ұстанымдарына байланысты жүзеге аспады. Ал екінші мәселе – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің Арменияға көмек көрсету туралы шешімі. Армения тарапы одақтастардың барлығының қолдауына қарамастан, бұл құжатқа ешқандай қызығушылық танытпады және біздің жұмысымыздың қорытынды бөлігінде бұл мәселені күн тәртібінен мүлдем алып тастауды сұрады», – деді ҰҚШҰ Бас хатшысы.
22 қарашада Минскіде ҰҚШҰ елдерінің қорғаныс, сыртқы істер министрлері кеңестері мен Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің отырысы өтеді. Ал 23 қарашада ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтеді деп жоспарланған.
Арменияның ұйым көмегінен бұлайша бас тартуы бірінші рет емес. 2022 жылдың қарашасында Ереванда өткен ҰҚШҰ саммитінде Армения премьер-министрі Никол Пашинян Арменияға көмек көрсету бойынша бірлескен шаралар туралы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімінің жобасына қол қоюдан бас тартқан. ҰҚШҰ-ның сол кездегі бас хатшысы Станислав Зась кездесуден кейін, журналистерге құжаттың жалпы келісілгенін және Арменияға көмек көрсету бойынша шаралар кешені белгіленгенін айтқан.
Бір апта бұрын Никол Пашинянның Минскіде өтетін ҰҚШҰ отырысына келуден де бас тартқаны белгілі болды.
Осыған дейін Армения Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Армен Григорян республиканың ҰҚШҰ-ға мүшелігі белгілі бір қиындықтар тудырып отырғанын мәлімдеген болатын. Ол:
«2020 жылдан бастап Әзербайжан Арменияға үш рет ауқымды шабуыл жасады, осы кезде ҰҚШҰ Арменияға ешбір көмек көрсеткен жоқ», – деп ренжіген.
Ал Пашинян өз кезегінде Армениядағы жағдай ҰҚШҰ беделіне әсер етпей қоймайтынын айтты.
«Бүгін біз ҰҚШҰ қызметіне қатысты көңіліміз қалғандай күйде тұрмыз, өйткені ҰҚШҰ – Армения қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі негізгі тетіктің бірі еді. Бірақ 2021 жылдың мамыр-қарашасы мен 2022 жылдың қыркүйегіндегі Әзербайжанның Арменияға қарсы арессиялы әрекеті кезінде ҰҚШҰ-ның жөнсіз реакциясы, ең алдымен, Армения халқының көңілін қалдырды. Өйткені олар ҰҚШҰ сенімді қауіпсіздік тетігі екеніне сенімді болды», – деді Пашинян өзінің Чехияға ресми сапары барысында.
Ол бұл жағдайлардың Ұйымға да зиянын тигізетінін, Арменияға қатысты жағдай, ең алдымен, ҰҚШҰ беделіне соққы болатынын атап өткен.