Жаһандық қарыз көлемі 307 триллион долларға жетті – Халықаралық қаржы институты

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Institute of International Finance зерттеулеріне сәйкес корпорациялардың, үй шаруашылықтарының, үкіметтердің және қаржы секторының жалпы жаһандық қарызы қазан айының соңында 307 триллион долларға жеткен.

Жыл басынан бері қарыз жүктемесі ЖІӨ-ге қатысты өзгеріссіз қалған, оның көлемі 9,5 триллион долларға өскен. Бұл ретте дамыған және дамушы елдерде қарыздың динамикасы айтарлықтай ерекшеленген. Дамыған елдерде жоғары мөлшерлемелер жеке сектордың қарыз алуға қызығушылығын шектеп келген, ал дамушы елдерде қарыз алу көлемі өскен. Мұндай үрдіс Ресей мен Қытайға да өз әсерін тигізген.

Institute of International Finance мәліметтері бойынша, биылғы жылдың алғашқы үш тоқсанында жаһандық қарыз деңгейі 9,5 триллион долларға өсіп, жалпы 307 триллион долларға жеткен. Бұл қарыздың үштен бір бөлігі дамушы елдерге тиесілі екен. Бес жыл ішінде ауыртпалық 60 триллион долларға артқан және бұл өсімнің үштен екісі АҚШ, Жапония, Франция және Ұлыбритания сынды дамыған елдерге тиесілі. Бұл орайда мемлекеттік сектордың қарыз жүктемесі жылдам көтерілген. Дамушы елдердің ішінде ауыртпалық Қытай, Үндістан, Бразилия және Мексикада айтарлықтай арта түскен.

Жыл басымен салыстырғанда ЖІӨ-ге қатысты қарыз деңгейі бұрынғы деңгейде қалып, 335% құраған. Бірақ дамушы елдерде бұл көрсеткіш 255%-дан асса, дамыған нарықта бұл көрсеткіш керісінше төмендеген. Оған корпоративтік сектор мен үй шаруашылықтарын несиелеудің өсу қарқынының әлсіреуі себеп болған. Халықаралық қаржы институтының мәліметінше, компаниялардың қарыз алуға қызығушылығы соңғы бірнеше жылда ең төменгі деңгейге жеткен. Ал банкроттық жариялағандар саны, керісінше артқан. Сонымен бірге еларалық капитал ағынының көлемі төмендеген. Өткен жылы трансшекаралық банктік несиелеу көлемі мен акцияларға портфельдік инвестициялардың үлесі күрт төмендеген. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестициялар мен портфельдік инвестицияларда да төмендеу үрдісі байқалған.

АҚШ-та да, Еуропада да мөлшерлемелер көпжылдық ең жоғары деңгейге жеткен. Салдарынан қаржылық емес сектордан, үй шаруашылықтары мен корпорациялардан қарыз алуға қызмет көрсету құны артқан. ФРЖ әзірге қатал саясат ұстанып отыр және оны жақын болашақта әлсірете қоюы шамалы. Десе де, нарықтарда бұл мөлшерлеменің одан әрі өсуі күтілмейді. Ал Еуроаймақта Еуропалық комиссия өзінің жаңартылған макро болжамында жоғары мөлшерлемелер аясында несиелендіру көлемінің қысқаруына назар аударып, еуроаймақ елдерінде 2023 жылы ЖІӨ-нің жылдық өсімі 0,6% болуы мүмкін деген болжам ұсынды.

Ал Қытайда қарызға қызмет көрсету шығындарының үлесі артқан. Оған жинақталған жоғары жүктемеге қатысты өсудің баяулауы және жылжымайтын мүлік нарығындағы проблемалар өз әсерін тигізген. Жыл басынан бері корпоративтік сектордың қарызы ЖІӨ-нің 158,3 пайызынан ЖІӨ-нің 166,9 пайызына, ал мемлекеттік қарыз 75,9 пайыздан 83 пайызға дейін өскен. Ресейде болса, бір жылда үй шаруашылықтарының ауыртпалығы 19,8%-дан 23,3%-ға, корпоративтік сектор – 68,2%-дан 81,6%-ға, үкімет – 20,1%-дан 23%-ға, қаржы секторы – 6,8%-дан 9,8%-ға дейін өскен.

IIF болжамы бойынша, Үндістанда, Оңтүстік Африкада, Пәкістанда және Америка Құрама Штаттарында фискалдық ауыртпалық пен үкіметтік қарыз көлемі артуы мүмкін деп болжайды. Сонымен бірге сарапшылар Мысырда, Үндістанда, Малайзияда, Пәкістанда, Оңтүстік Африкада, Түркияда және АҚШ-та мемлекеттік қарызға қызмет көрсетуге жұмсалған шығыстар үлесінің артуын байқаған. Тұтастай алғанда, ESG қағидаттарын іске асыруға байланысты борыштық жүктеменің көлемі өсіп, 6 триллион долларға жақындап қалған.

Сондай-ақ оқыңыз