Қар арлас жаңбыр мен көктайғақ: «Қазгидромет» Қазақстанның көптеген өңірінде күн суытатынын хабарлады
20 қарашадан бастап Қазақстанның бірталай өңірінде дауыл соғып, қар аралсқан жаңбыр жауады. Бұл жайлы «Қазгидромет» хабарлады.
«Қазақстан Республикасы аумағының басым бөлігі солтүстік-батыс антициклонының ықпалында болады, ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде. Тек республиканың батысында, қиыр шығысында, оңтүстік-шығысы мен оңтүстігінің таулы аудандарында циклон және сонымен байланысты атмосфералық фронттар әсерінен жауын-шашын (жаңбыр, қар)болады. Республиканың оңтүстік-шығысында түнде қатты жауын-шашын болуы мүмкін. Тұман түсіп, жел күшейеді, батыс және солтүстік-батыста желдің екпіні 23-28 м/с күшейіп, көктайғақ күтіледі»,– делінген хабарламада.
Қарағанды облысының солтүстігінде, орталығында түнде және таңертең тұман күтіледі. Сонымен бірге Алматы облысының таулы аудандарында кей уақытта қатты жауын-шашын, көбінесе қар жауады деп күтілуде. Облыстың оңтүстігінде және таулы аудандарына тұман түсуі мүмкін. Алматы қаласында да түнде және таңертең тұман күтіледі.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында да тұман түсіп, солтүстік-батыстан соғатын жел шығысқа ауысып, екпіні 18 м/с жетуі мүкін. Жезқазғанда да осындай қолайсыз ауа-райы сақталады.
Батыс Қазақстан облысының батысында көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең облыстың солтүстігі мен шығысына тұман түсіп, оңтүстік-шығыстан екпінді жел соғады. Жел екпіні түнде облыстың батысында 15-20 м/с, күндіз облыстың басым бөлігінде 15-20 м/с, облыстың оңтүстігінде екпіні 23 м/с дейін жетеді. Ал облыстың орталығы Орал қаласында ауа-райы суытып, түнде және таңертең тұман күтіледі, жел екпіні 18 м/с жетеді.
Ақмола облысының оңтүстігінде, шығысында тұман күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде де тұман күтіліп, оңтүстік-батыстан жел соғып, түнде облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с жетеді.
Ақтөбе облысының батысында, солтүстігінде көктайғақ болады деп болжануда. Түнде облыстың солтүстігінде тұман түсіп, оңтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғады. Түнде облыстың батысында, орталығында жел екпіні 15-20 м/с жетеді, ал күндіз облыстың батысында, орталығында екпіні 25 м/с дейін жел соғады. Ақтөбе қаласында күннің суытуына байланысты күндіз көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-шығыстан, шығыстан жел соғып, екпіні 15-20 м/с жетуі мүмкін.
Атырау облысында шығыстан, оңтүстік-шығыстан жел соғады, күші 15-20м/с, күндіз облыстың батысында, оңтүстігінде, солтүстігінде екпіні 23-28 м/с дейін жетеді. Атырау қаласында шығыстан және оңтүстік-шығыстан жел соғады, күндіз екпіні 25 м/с жетеді деп күтіледі.
Түнде және таңертең Түркістан облысының таулы және тау бөктерінде тұман түсіп, шығыстан, оңтүстік-шығыстан күші 15-20 м/с болатын жел соғады. Шымкент қаласына да қалың тұман түседі деп болжайды Қазгидромет.
Ал Маңғыстау облысының орталығында шаңды дауыл соғады. Оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с жетеді. Облыстың батысында, солтүстік-шығысында, орталығында жел екпіні 23-28 м/с дейін күшейеді. Ал Ақтау қаласында оңтүстік-шығыстан жел соғып, түнде екпіні 23 м/с дейін жетуі мүмкін.
Қызылорда облысында жел шығыстан соғады, түнде облыстың батысында, күндіз облыстың басым бөлігінде соғатын желдің күші 15-20 м/с дейін жетуі мүмкін. Қызылорда қаласында осындай қолайсыз ауа-райы сақталады. Ал Жамбыл облысының таулы аудандарында қатты жауын-шашын мен қар жауады деп күтіледі. 19-21 қарашада облыстың оңтүстігінде, таулы аудандарында тұман күтіледі. 19-21 қарашада оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс желіне ауысады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында, таулы аудандарында 15-20 м/с, 21 қарашада екпіні 23-28 м/с жетеді. Тараз қаласында 19-21 қарашада тұман күтіледі.