Экс-депутат Нұржан Әлтаев пара алды деген айыппен 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында аса ірі мөлшерде пара алу фактісі бойынша экс-депутат Нұржан Әлтаевтың ісі қаралды.
Сотта Әлтаевтың 2018 жылдың ақпанынан 2020 жылдың шілдесіне дейін «Атамекен» ҰКП мүдделері үшін тиімді ресми шешім қабылдауға ықпалдасып, делдал арқылы Мырзахметовтен жалпы сомасы 115 мың АҚШ доллары және 8 млн 150 мың теңге ақшаны пара ретінде алғанын анықтаған.
«Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, ұялы телефондағы хат-хабарлармен, жасырын тергеу әрекеттерінің жазбаларымен, сараптама актілерімен, заттай дәлелдемелермен дәлелденді», – делінген Астана соты таратқан ақпаратта.
Сотта прокурор айыптауды қолдап, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраcа, сотталушы өзін ақтауды сұраған.
Сот үкімімен экс-вице-министр Әлтаев ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ол өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
2018-2019 жылдар аралығында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі болған Нұржан Әлтаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот Астанада 2023 жылдың 31 қазанында басталды. Істі қараған судья Айжан Құлбаева бастапқы отырыста қылмыстық іс бойынша сот процесін жабық түрде өткізуге шешім қабылдаған.
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 2023 жылдың 7 маусымында экс-вице-министр Нұржан Әлтаевты аса ауыр жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұстады.
«Әлтаев 2018-2019 жылдар аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі бола тұра, жүйелі түрде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен пара ретінде ай сайын 5 000 АҚШ доллары мөлшерінде ақша қаражатын алып отырды деген күдікке ілінді.Кейіннен Әлтаев 2019-2020 жылдар аралығында Парламент мәжілісінің депутаты лауазымын атқарып, Мырзахметовтен пара алуын жалғастырған. Жалпы алғанда, ол пара ретінде 135 000 АҚШ долларын алды.Алынған пара Нәтижелі жұмыспен қамтуға және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты алуға жәрдемдесуге, сондай-ақ Әлтаев жетекшілік ететін салаларда Мырзахметовке жалпы қамқорлық және мүдделеріне лобби жасауға бағытталған», – делінген агенттік таратқан ақпаратта.