Астана әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік нысандар маңындағы автотұрақтарды тегін етуге уәде берді
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарына тегін автотұрақтарды қайтаруға уәде берді. Алайда тек әлеуметтік нысандардағы тұрақтар ғана тегін болады. Бұл туралы әкім кәсіпкерлермен «Ашық микрофон» форматында өткен жиында мәлімдеді.
Жеңіс Қасымбек қала кәсіпкерлерімен кездесу өткізген. Әкімнің айтуынша, елордада жарты миллион адамды жұмыспен қамтып отырған 230 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі бар. Кездесуде кәсіпкерлер әлеуметтік нысандар салу, көлік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ақылы тұрақ орындары, ШОБ үшін жеңілдіктер және т.б. мәселелерді көтерген.
«Тұрақ алаңдарының орындарын қайта қарастырамыз. Әлеуметтік нысандардағы тұрақтар тегін болады», – дейді қала әкімі.
Сонымен қатар келер жылдан мектеп тамағына бөлінетін сома да көбейетінін айтады. Оған қоса, 2029 жылға дейін 15 Оқушылар сарайы, 2027 жылға дейін 65 мектеп салынбақ. Соның ішінде 5-нің құрылысы келер жылы басталады. Әкімнің айтуынша, кейінгі 6 жылда қалада мемлекеттік балабақша салынбаған. Осы ретте қала билігі 2024 жылдан мембалабақша құрылысын қолға алмақ.
Елордада алғашқы ақылы автотұрақтар 2018 жылдың қаңтарында іске қосылған.
Ақылы тұрақ орындары қала меншігінде, оларды «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС басқарады. Ақысы – сағаты 100 теңге. Ақылы тұрақ аймағында көлікті 5 минут тегін қоюға болады.
Шілде айында Астана қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты аясында 10 мың ақылы автотұрақ ашылатыны, соның 7 жарым мыңы пайдалануға берілгені хабарланды.
Соңғы деректерге сүйенсек, Астанадағы 7 мыңнан астам ақылы автотұрақ төлемдерінен Елорда бюджетіне 35 млн теңге түскен. 2023 жылдың соңына дейін біржарым айдай уақыт барын ескерсек, бұл түсім – 2022 жылғы (18 млн теңге) көрсеткіштен екі есе жоғары екенін байқай аламыз. Ал автотұрақ ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұл көлемі әлдеқайда көп: 2023 жылы 1,1 млрд теңгені құраған.
Алайда бұл автотұрақтар қала тұрғындары мен кәсіпкерлердің көңілінен шығып тұрған жоқ. Оның басты себебі – әкімдік пен жеке серіктес арасындағы келісімнің шарты дегенге келіп тіреледі.
«Қала ішіндегі кептелістер мен бейберекетсіз автотұрақтар мәселесін шешу үшін дамыған елдердің ірі мегаполистеріндегідей – кәсіпкерлік қызмет орындарында көп деңгейлі автотұрақтар салып, туристік нысандарда сараланған тарифтер белгілеу мүмкіндігін ойластырса болады ғой. Бірақ біздің шенеуніктер жаңа ізденістің орнына, бұрыннан жабдықталған автотұрақтарды көк түспен белгілей салып, ақша тапқанды жөн көрген. Бұл арада табыстың 75%-ы жеке серіктестің қалтасына түседі. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын қаржыландыру әдісі де қызық: жобаның жеке серіктесі оған өз қаражатының 1%-ын салады да, қалған 99% – бұл жеңілдетілген пайыз негізіндегі қарыз қаражаты», – деп кейиді QazProperty қауымдастығының өкілі.