Citi компаниясындағы ауыс-түйіс, Германиядағы бюджет дағдарысы, ал Үндістан несие беру талабын қатайтты

Жарияланды
Citi компаниясы басшылығын неге өзгертіп жатыр? / Shutterstock

Citi компаниясы кең ауқымды қайта құруды қолға алды. Үндістанның қор нарығы қаржы секторына қойылатын талаптардың қатаюына байланысты құлдырап жатыр, ал Германияда Конституциялық соттың несие қарызын қайта бөлуге тыйым салуына байланысты, бюджет дағдарысы туындар жатыр. Осы және өзге де тақырыптарды әлемдік БАҚ-қа шолудан оқыңыздар.

Citigroup қызметкерлерін жұмыстан шығарып, басшылықты өзгертеді

Citigroup бас директоры Джейн Фрейзер компанияны қайта кұру аясында басшылық құрамды өзгертіп жатыр, деп хабарлайды Reuters. Басылым дереккөзінің хабарлауынша, кадрлық ауыс-түйіс аясында еуропалық бөлім басшысы лауазымына испандық банкир Начо Гутьеррес-Оррантия тағайындалады.

Дегенмен, қайта ұйымдастыру мыңдаған жұмысшының қысқаруына әкеп соғуы мүмкін. Фрейзер қайта реттеуге қатысты соңғы хабар 2024 жылдың басында жарияланатыны айтты. «Бұл қадам банк құрылымын біздің стратегиямызға сәйкестендіру үшін қажет», – деді Джейн Фрейзер.

Citi басқару деңгейін 13-тен 8-ге дейін қысқартып, қайта құрылымдауды бастап өткеріп жатыр.

Үндістан несие беру талабын қатайтады

Дүйсенбі күні Үндістан қор нарығы банктер мен қаржы компанияларының бағалы қағаздары арзандауы салдарынан құлдырады. Банктік (.NSEBANK) және қаржы (.NIFTYFIN) индекстері 0,2%-ға төмендесе, жеке банктер индексі (.NIFPVTBNK) 0,4% жоғалтты. Reuters агенттігінің хабарлауынша, өткен аптада Үндістанның орталық банкі ел банктеріне өсіп келе жатқан жеке қарызды сақтандыруға көбірек қаржы бөлуге бұйрық берген. Инвесторлар бұл шешімнің салдарын бағалап жатыр.

Қатаң ережелер NBFC нарығына айтарлықтай әсер етеді. Бұрын банктік қарызға көп арқа сүйеген банктік емес қаржы институттары (БҚҰ) енді капитал нарығынан қаражат тартуға мәжбүр болады.

Германия бюджет дағдарысына тап болуы мүмкін

Германияда бюджет дағдарысы орын алып жатыр. Reuters-тің жазуынша, елдің конституциялық соты үкіметтің пандемия кезіндегі пайдаланылмаған 60 миллиард еуро қарызды климат пен өнеркәсіптік жобаларға қайта бөлу туралы шешімін конституцияға қайшы деп тапты. Бұл шешім бюджетке қатысты келісімге қатысы абыржу тудырып, канцлер Олаф Шольцтің коалициясын қарыз алуды заңмен шектейтін, конституциямен бекітілген «қарыз тежеуін» тоқтатуға шақырды.

Сот шешімі үкімет бюджетінде 60 миллиард еуролық ойық қалдырды, енді шенеуніктерге жақын арада бұл мәселені шешуге тура келеді.

Еуропа егістіктерін су басып, қант жинау кешікті

Табиғи апаттар егіннің бір бөлігін жарамсыз етуі мүмкін деп ескертеді Bloomberg. Францияда 32 күн қатарынан жаңбыр жауды. Meteo France-тің жазуынша, бұл – 1998 жылдан бергі ең ұзақ жауын-шашын кезеңі. Шаруалар қазір егістік алқаптарын су басып, қант қызылшасының 15 пайызға жуығы жерде қалғанын айтады.

Франция – Еуропа аймағындағы ең ірі қант өндіруші. Голландиялық фермерлердің де жағдайы аса жақсы емес. Король Косун кооперативінің өкілі Арвис Бос Голландия егістіктерінде әлі қызылшаның шамамен 50%-ы жиналмағанын, яғни егін 1 желтоқсанға дейін жиналып бітуі екіталай екенін айтады. Германияда да жиын-терім кешігуі мүмкін. Қызылшаны ақпан айына дейін жинап алмаса, үсіп кетеді.

Еуропадағы қант өндірісінің төмендеуі әлемдік нарықтағы жағдайдың одан әрі қыйындауына әкеп соғуы ықтимал. Нью-Йоркте қант фьючерстері соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге жақын саудаланады. Лондонда тоннасы 745,8 доллар тұрады.

Сондай-ақ оқыңыз