2023 жылы он ай ішінде Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі байланыс желісі белгіленген стандартқа сай болмағаны үшін байланыс операторларына 3 млрд теңге айыппұл салған. Бұл туралы Үкімет кулуарында ведомство басшысы Бағдат Мусин айтты.
Байланыс операторларына биыл салынған айыппұл көлемі былтырғыдан шамамен екі есе көп, биыл – 3 млрд теңге, былтыр – 1 млрд теңге. Цифрлық даму министрінің сөзінше, бұған басты себеп министрліктің тексерісті көбейткені болып отыр. Ол 2020 жылы тек 50 тексеріс болса, биыл оның көлемі 1 мыңға жеткенін айтты.
Алайда бұл айыппұлдың барлығы тек белгіленген стандартқа сай интернет орнатылмаған кезде ғана салынған. Себебі министрлік тек байланыс сапасына жауап береді. Мусин байланыс операторлары тарифінің негізсіз қымбаттауына Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігі жауап бере алатынын айтты.
«Негізінен Байланыс туралы заңнан мобильді операторлардың тариф құнын қадағалау мүмкіндігі алынып тасталған. Сондықтан қазіргі таңда бұл бағыттағы тергеу жұмыстарын тек Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізе алады. Егер тариф негізсіз бағасының өсуі немесе операторлардың бағаны өсіруге өзара келісіп алуы туралы шағымдарды агенттікке жіберу керек», – деді министрі.
Бұған қоса, ол Қазақстандағы тариф бағасының өсуіне нарықта екі үлкен компанияның болуы өз әсерін тигізетінін айтты.
«Интернет сапасы мен бағасы әділетті болу үшін бәсекелестік болу керек. Бізде қазір тек екі компания бар. Қазақтелекомның операторлары нарықтың 60% қамтыса, қалған 40% Beeline-нің еншісінде. Бұл біздің нарық үшін тым аз», – деді министр.
Айта кетейік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мақұлдамауына байланысты ұялы байланыс бағасына мемлекеттік реттеуді енгізу туралы ұсыныс заң жобасынан алынып тасталған.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің ұялы байланыс бағасын мемлекеттік реттеудің министрліктің міндетіне жатпайтынын айтқанын жазған едік.