Қазақстан +7 телефон кодында қалады – Мусин

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қазақстан +7 телефон кодында қалады / коллаж kursiv.media

Қазақстан +9 кодына өтпейді, +7 кодында қалады. Ал +77 кодын біржола бекітуге Ресеймен келісу керек. Бұл туралы Үкімет кулуарында Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты.

«+997 коды бізде резерв ретінде сақтаулы тұр. Алайда біздің оған өтуіміз міндетті емес, оған өтпеймізде», – деді Мусин.

Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында +7 және +77 кодын қолдану туралы келісім бар. Алайда бұл келісімдегі бір бөлімге министр Мусиннің көңілі толмайды.

«Құжатта кез келген тарап біржақты негізде екінші тарапқа алты ай бұрын ескертіп, +77 кодын ала алады деген пункт бар. Осы пункті өзгертіп, +77 кодын біржола Қазақстанға тиесілі етіп, талас тудырмаудың жолын іздеп жатырмыз. Біздің тараптан барлық құжат дайын. Ресей тарапы біз жіберген жаңа келісімді қарап Әділет министрлігі мен ФСБ-дан рұқсат алуы керек», – деді министр.

Ол аталмыш құжатты халықаралық стандарттарға сай, парламентте ратификациялап, 2024 жылдың басында үкімет аралық келісім ретінде бекітілуге тиіс екенін айтты.

Айта кетейік, 2021 жылы БҰҰ жанындағы Халықаралық байланыс одағы Қазақстанға +997 кодын резервке қойған еді.

Елдердің телефон коды бірнеше аймаққа бөлінген. Мысалы, 1- аймақ, яғни +1 коды АҚШ пен Канадаға, 4-аймақ, яғни +4 коды кейбір Европа елдеріне тиесілі. Қазақстан Ресеймен бірге 7-аймақта, яғни +7 кодын қолданады, жеке мемлекет ретінде +77 кодын қолданып жүр. Егер +997 кодына өтсе, Үндістан, Пәкістан, Түркия, Иран және Орталық Азия елдері бар 9-аймаққа өтеді.

Сондай-ақ оқыңыз