Ұлыбритания санкция режимін сақтау бойынша Қазақстанмен ынтымақтастыққа риза
Ұлыбритания санкция режимін сақтау мәселесінде Қазақстанмен серіктестік деңгейін оң бағалайды. Бұл туралы Ұлыбританияның өнеркәсіп және экономикалық қауіпсіздік министрі Нусрат Гани айтты.
Интерфакс жазуынша, Британия бірінші кезекте Қазақстанның санкцияларды айналып өту құралы болмауына назар аударып отыр.
«Қазақстанның санкцияларды айналып өту құралы болмайтынына көз жеткізу үшін Қазақстан үкіметімен тығыз жұмыс істейміз. Бүгінгі таңда Қазақстанмен ынтымақтастықтың деңгейі бізді қуантады»,– деді Гани.
Алайда британдық министр санкцияларды айналып өтті деген күдікке ілінген компанияларды атаудан бас тартқан.
«Біз қандай компаниялардың алдағы уақытта санкцияға ұшырайтынын және қазір қандай компаниялармен жұмыс істеп жатқанымыз жайлы ақпарат бермейміз. Ақпарат ресми жария болғанша, бұл туралы айта алмаймыз»,– деп қосты Гани.
Ол Ұлыбритания Каспий құбыр консорциумының (КҚК) Қазақстан экономикасы үшін маңыздылығын түсінетінін айтып, 2022 жылы қазақстандық мұнай Ресей арқылы тасымалданғаны үшін санкцияға тап болу қаупі туындағанын айтты.
«Біз бұл құбырды пайдалану бойынша Қазақстан үкіметімен келісім жүргізуді міндетті түрде жалғастырамыз», – деп сендірді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары кезінде Қазақстанның санкция режимін сақтайтынын айтқан.