Қашаған операторы 5 млрд доллар айыппұлын 200 млн доллар инвестициямен жапқысы келе ме?
Қашаған кенішінен мұнай өндіретін компаниялары 5 млрд долларлық экологиялық айыппұлға қатысты дауды шешуге тырысып, Қазақстан үкіметімен келіссөздер бастады, деп хабарлайды Вloomberg.
Наурыз айында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі билігі Қашағанды басқаратын NorthCaspian Operating Company жұмысына тексеріс жүргізіп, жобада күкіртті шектен тыс сақтағаны үшін айыппұл салады. Атап айтқанда, Атырау облысының экология департаменті Қашаған операторы «Болашақ» зауытының қоймаларында 1 млн тоннадан астам күкіртті шектен тыс сақтағанын анықтаған. Экологтардың айтуынша, NCOC қоршаған ортаны қорғау жоспарын толық орындамай отыр: ағынды сулар тиісті тазартусыз булану тоғанына жіберіліп, шикі газ экологиялық рұқсатсыз жағылады. Алайда оператор бұл айыптармен келіспей, бұл шешімді сотта даулап, ішінара жеңді. Бірақ Қазақстан тарапы апелляциялық сотқа жүгінді.
Енді Вloomberg-тің хабарлауынша, Қашаған оперторлары осы айыпұл мәселесін шешу үшін Қазақстан үкметімен келіссөз жүргізіп, 200 млн доллар көлемінде инвестиция салуды қарастырып жатыр. Сондай-ақ күкірт көлемін барынша азайтатынын алға тартып жатқан көрінеді.
«NCOC халықаралық серіктестері, соның ішінде Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp. және TotalEnergies SE қазіргі уақытта 200 млн АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай өтемақы мәселесін талқылап жатыр. Бұл қаражатты әлеуметтік жобаларға жұмсау ұсынылып отыр», –деп жазады Вloomberg жағдаймен таныс адамдарға сілтеме жасап.
Сонымен бірге келіссөздер сәтті жүзеге асатын болса, оператор Қашаған кен орнын кеңейтуге, соның ішінде жаңа газ өңдеу зауыттарын салуға ниетті.
Еске сала кетсек, осы даулы жағдайға байланысты Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пікірі білдіріп, Қазақстан Қарашығанақ пен Қашаған мұнай-газ кен орындарының операторлары – KPO мен NCOC компанияларын сотқа бергенде, пайда табуды көздемейтінін мәлімдеген.
Ал министр Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бүкіл сот процесі ұлттық заң мен халықаралық құқық аясында жүргізілетінін мәлімдеді. Ол Қашағандағы тексеріс нәтижесінде рұқсат етілген 773 мың тоннаның орнына 1,7 млн тонна күкірт жинақталғанын еске салды. Ол сондай-ақ Қашаған кен орнының операторына 5,1 млрд доллар айыппұл салу мәселесін сотты айналып өтіп шешуді көздемейтінін мәлімдеді.