Сәтқалиев АЭС құрылысына қатысты референдум оң нәтижемен аяқталатынына сенімді
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда АЭС салу мәселесі жалпы халықтық референдумда шешілетінін айтты. Бірақ соған қарамастан, министрлік атом электр станциясын салуға қатысты консультациялар жүргізіп жатыр.
«Өздеріңіз білесіздер, атом электр станциясын салуға дайындық процесі жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешім қабылданбай тұрып басталған. Яғни осы уақытқа дейін біршама маңызды жұмыстар атқарылып, әлеуетті тендерлер де анықталған. Біз нақты шешімді референдумнан кейін қабылдаймыз. АЭС салу немесе салмау мәселесін халық шешеді. Қазіргі таңда тендерге қатысушылармен консультациялар жүргізіп жатырмыз. Біз таңдау жасауға қатысты шешім қабылдау процесін тоқтатып қойдық. Бірақ консультация жүргізу – әдеттегі техникалық процесс саналады», – деді министр.
Журналистер осы орайда халық бірауыздан референдумға қарсы дауыс берсе, жүргізілген жұмыстың барлығы желге ұштатынын айтты. Бірақ министр ол туралы ойлағанын, оң шешім қабылданатынына сенетінін жеткізді.
«Иә, біз бұл туралы ойладық. Теріс шешім қабылданса, әрине, бұл жұмыстардың барлығы тоқтайды. Бірақ әлі де оң шешім қабылданатынына сенеміз. Өйткені біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің құрамдас бөлігі саналатын – атом энергетикасының қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Біз атом энергетикасын өнеркәсіп пен ел экономикасының табиғи дамуы деп түсінуімі керек. Уран өндіру саласындағы әлеуетіміз жөнінен еліміз бірінші орында тұр. Ал уран қоры жөнінен екінші орындамыз. Оған қоса, ең қуатты ғылыми базамыз, ең күшті екі институтымыз бен уран шикізатының соңғы өнімін, атом таблеткаларын шығаратын әлеуетіміз де бар. Яғни, бұл – соңғы цикл, ол экономиканың дамуы мен ғылымның дамуына орасан зор үлесін қосады»,– деді министр.
Сонымен бірге министр сұйытылған газдың жетіспеушілігіне де тоқталып өтті. Қазіргі таңда өз нарығымызда сұйытылған газ тапшылығына байланысты Ресейден алуға мәжбүрміз. Ресей бізге өзіміз жіберген шикізаттан газ дайындап береді.
«Бұл жерде ешқандай проблема жоқ. Біз газ балансын қалыптастыру туралы айтып отырмыз. Біздің ішкі қажеттіліктеріміз, Өзбекстанның қажеттіліктері, Ресей Федерациясының мүмкіндіктері, жеткізу және транзитпен қамтамасыз ету мәселесі бар. «КазРосгаз» жылына біздің газокондесаторды Ресейде өңдеп, жылына 90 мың тонна сұйытылған мұнай газын шығара алады. Ол бұл өнімді сыртқы нарыққа немесе Қазақстанның ішкі нарығына бағыттай алады. Біз ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының тапшылығына байланысты «ҚазРосгаз» компаниясынан бұл өнімді Қазақстанға бағыттауын сұрап отырмыз. Қазіргі таңда осыған байланысты сұйытылған мұнай газын сатумен айналысатын ірі кәсіпорындармен, «жанармай құю станциялары» желілерімен, бөлшек сауда нарығының ірі қатысушыларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Яғни, біз ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету үшін қосымша ресурстарды іске қосып жатырмыз. Бізде ондай мүмкіндік бар», – деді Сәтқалиев.
Министр сонымен бірге ол жерден келетін газ экспорттық бағамен келетінін, экономикалық тұрғыдан «ҚазРосгазға» ішкі баға қолданылмайтынын айтты.
Еске сала кетсек, осыған дейін Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов Қазақстан мен Ресей арасындағы газға қатысты қалыптасқан алыс-беріс жағдайын түсіндірген болатын. Оның айтуынша, Қазақстан Ресейден өзі өндірген газды өңделген күйінде сатып алады.
«Орынбор мұнай өңдеу зауытында өндірілетін сұйытылған мұнай газының барлығы қазақстандық өнім. Бұл газдың иесі – «ҚазРосГаз». Бұл импорт емес, бұл біздің өнім», – деді Әлібек Жамауов.