eGov.kz-те жеке мәліметтердегі қатені қалай дұрыстауға болады?
eGov.kz арқылы отбасы, білімі мен әскери қызметі туралы мәліметтерді түзетуге болады/shutterstock
eGov.kz электрондық үкімет порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында мәліметтерді түзетудің сегіз сервисі қолжетімді, деп хабарлады «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі.
«Сервистер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріндегі қате деректерді өзектендіруге және болашақта қандай да бір кедергісіз мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік береді», деп жазылған таратылған хабарламада.
Сервис арқылы отбасы (неке, туу, некені бұзу, бала асырап алу, әке болуды анықтау, аты-жөнін өзгерту, қайтыс болу), вакцинация паспортындағы аймақ, көлік құралдарының қате мәліметтерін, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүліктің кепілі және әскери қызмет туралы мәліметтерді, сондай-ақ білім туралы мәліметтерін түзетуге болады.
Түзету үшін eGov.kz порталында келесі сілтемелерді қолдану керек:
- Вакцинация бойынша мәліметтерді түзету
- Көлік құралдарының қате мәліметтерін түзету
- Заңды тұлғаның атауларын, орналасқан жерін түзету
- Міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүліктің кепілі туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)
- «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер базасы» ақпараттық жүйесіндегі жылжымайтын мүлік объектілерінің қате мәліметтерін түзету
- Азаматтық хал актісін тіркеу туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)
- Әскери қызмет туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)
- Білім туралы құжаттар туралы мәліметтерді өзектендіру (түзету)
«Мәліметтерді түзету үшін міндетті өрістерді толтырып, мәселені сипаттап, қажет болған жағдайда құжаттың көшірмесін тіркеп қызметке қол қою қажет. Сондай-ақ, «Түзету қызметтері» eGov Mobile мобильді қосымшасындағы басты бетте қолжетімді», – делінген хабарламады.
Сонымен қатар қызмет көрсету нәтижесі мәліметтерді өзектендіру туралы хабарлама немесе қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап нысанында жеке кабинетке жіберілетіні айтылған.
Осыған дейін Үкімет басшысының халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын-сонар кезек болатынын сынға алып, электронды қызмет көрсетудегі кемшіліктер мен базадағы қателіктер жайлы айтқанын жазған болатынбыз.