2023 жылдың III тоқсанында кредиттеу бойынша банктерде жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялады.
Сауалнаманың нәтижесі бойынша, III тоқсанда кәсіпкерлік субъектілері тарапынан негізінен, шағын және орта бизнес есебінен кредитке сұраныс біршама өскен.
Ірі, орта және шағын бизнесті кредиттеу
«Шағын бизнес субъектілері сұранысының бірқалыпты өсуі көбінесе банктердің жеке нарықтық өнімдерімен қамтамасыз етілді. Банктер жүргізген жарнамалық акциялар алдыңғы тоқсандарда іске қосылған онлайн-өнімдердің танылуына әсер етті. Осылайша, шағын бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 20%-ға 822 мыңға дейін өсті», – делінген ақпаратта.
Банктер III тоқсанның қорытындысы бойынша орта бизнес субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныстың да біршама артқанын атап өтіпті. Оған бірқатар ірі банкте несие өнімдерінің кей шарттары жеңілдетілуі ықпал еткен.
Орта бизнес үшін жекелеген цифрлық өнімдер бойынша лимиттер ұлғайтылды және сыйақы мөлшерлемелері біршама төмендетілген. Осылайша, орта бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 47%-ға7,8 мыңға дейін өсті.
Ірі бизнес тарапынан кредитке сұраныс индексі III тоқсанда төмендеуді жалғастырды. Бұл ірі бизнес субъектілерінің ағымдағы кредиттеу шарттарында қарыздық қаржыландыруды тартуға дайын болмауына байланысты. Сөйтіп ірі бизнестегі кредиттік өтінімдердің жалпы саны 22%-ға (т/т), 170-ке дейін төмендеді.
Алайда есепті тоқсандағы несиелік өтінімдерді мақұлдау үлесі кәсіпкерлік субъектілерінің барлық түрі үшін біршама төмендеді (т/т) және шағын бизнес үшін 34%, орта бизнес үшін 37% және ірі бизнес үшін 51%-ды құрады.
Корпоративтік сектор үшін банктерді кредиттеу шарттары II тоқсан деңгейінде сақталды. Келесі тоқсанда банктердің көбі бизнес несиелеріне сұраныс бішама өседі деп күтеді. Ірі бизнес өкілдері несие ресурстарының құны төмендеуі мүмкін деп болжап отыр.
Ипотекалық және тұтынушылық кредиттеу, автокредиттер
III тоқсанның қорытындысы бойынша жеке тұлғалар тарапынан кредитке сұраныс индексі бөлшек кредиттеудің барлық өнімі бойынша біршама өсті.
Мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар бойынша қаржыландыру қайта басталғандықтан, негізінен, ірі банктерде ипотекалық қарыздарға деген сұраныс біршама артқаны байқалады. Сөйтіп кредиттік өтінімдер саны 11%-ға (т/т), 253 мыңға дейін өсті.
Кепіл мүлкіне қойылатын талаптардың жеңілдеуі қамсыздандырылатын тұтынушылық несиелерге сұраныстың артуына түрткі болған. Осылайша кредиттік өтінімдер саны 31 мың болды. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 26%-ға артық.
III тоқсанда тұтынушылық кепілсіз қарыздарға сұраныс алдыңғы тоқсанның көрсеткішіне қатысты оң аймақта қалыптасты. Несиелік өтінімдер саны 2%-ға артты және 19,1 миллионды құрады.
Автокредиттеу сегментінде қатысушы банктер санының ұлғаюы және олардың нарық үшін ұсынатын өнімдер (оның ішінде цифрлық) тізімін кеңейтуі, сондай-ақ әріптестік қатынастарды одан әрі дамытуы III тоқсанда автокредитке деген сұраныстың одан әрі өсуін қолдады. Осылайша, автокредитке келіп түскен өтінімдер саны 19%-ға өсті.
IV тоқсанда банктер ипотекалық және кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша сұраныстың біршама өседі деп күтеді. Ал қамсыздандырылған тұтынушылық қарыздар мен автокредиттерге сұраныс та сақталады.
2023 жылдың III тоқсанында кредиттеу туралы банктерде жүргізілген сауалнамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Ұлттық Банк мұндай сауалнаманы кредиттік ресурстарға сұраныс пен ұсыныс арасындағы өзгерістерді бағалап отыру үшін тоқсан сайын жүргізеді.