Израиль үкіметі Газада тұтқында отырған әйелдер мен балаларды босату туралы Хамаспен келісімге келу туралы шешім шығарды. Аймақта уақытша үнсіздік жарияланады.
Reuters жазуынша, Израиль Хамас 7 қазан күні ұстаған 200 адамды тұтқында ұстап отыр деп болжаған. Келісімге сәйкес, 50 тұтқын, яғни әйелдер мен балалар босатылып, төрт күн тыныштық орнауы қажет.
Тұтқындарды босату кезең кезеңімен өтеді. Күніне 10-12 адам босап шығуы керек.
«Әр 10 адам босатылған сайын тыныштық келісімі 1 күнге созылады», – деп жауап берді Израиль үкіметі «4 күн ішінде келісім күшінде сақтала ма?» деген сұраққа.
Израильде тұтқындалған палестиналықтарды босату туралы нақты ақпарат жоқ. Reuters АҚШ өкілдерінің «келісім кезінде 150 палестиналық босатылады» деген ақпаратын жазған.
ВВС хабарлауынша, екі тарапқа өзара келісімге келуге Қатар қолдау көрсеткен. Басылым келісімнің негізгі шарттарының бірі Изриаль түрмесінде отырған палестиналық балалар мен әйелдерді босату болғанын жазады. Алайда Израиль үкіметі таратқан мәліметте бұл туралы жазылмаған.
Reuters ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда Хамас тұтқынға алған 4 азаматты босатқан: АҚШ азаматы Джудит Раанан, 59 жаста, оның қызы Натали Раанан, 17 жаста, Израиль азаматтары Нурит Купер, 79 жаста, Йохевед Лифшиц, 85 жаста.
7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Израиль шабуыл салдарынан 1 400 бейбіт адам қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.
БҰҰ мәліметінше, бір ай ішінде Израиль әскери операциясынан Газа аумағында 10 мыңға жуық адам қайтыс болған.