Антикор QazaqGaz-ға қатысты тергеу жүріп жатқанын растады
QazaqGaz-дың еншілес компаниясына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов растады.
Алайда Тілеуханов осыған дейін желіде тараған QazaqGaz орталық аппарат басшысы мен «ҚазТрансГаз-Өнімдері» ЖШС еншілес компаниясының басшысы ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«QazaqGaz басшылары мен қызметкерлері ұсталды делінген ақпарат тарап жатыр. Осы ұйыммен оның еншілес компания қызметкерлерінің өкілеттігін асыра пайдалануы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта аталған іс бойынша ешкім ұсталған жоқ, ешкімге айып тағылмады. Басқа ақпарат тергеу мүддесіне орай жарияланбайды», – деді Тілеуханов.
Бұған қоса, QazaqGaz компаниясының баспасөз қызметі тергеу жұмыстары жүріп жатқанын растады.
«QazaqGaz ұлттық компаниясы жемқорлық фактілеріне және басқа да сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысты әрқашан ашық позицияны ұстанады. Сондықтан сотқа дейінге тергеу амалдарына жан-жақты қолдау білдіруде», -деп жазды компания баспасөз хатшысы Мақсат Төлегенов.
Ол осыған дейін «ұсталды» деген ақпарат тараған аппарат басшысы Дидар Сағымбеков пен «ҚазТрансГаз Өнімдері» ЖШС бас директоры Ернар Құлқыбаевтың штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын жазды.
Осыған дейін Қазақстанның мұнай және газ кеңесі телеграмм арнасы 21 қарашада QazaqGaz жүйесіндегі топ-менеджерлері ұсталғаны туралы хабар таратқан.
Үкімет кулуарында энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов бұл мәселеге қатысты ақпарат беру министрлік құзыретіне жатпайтынын айтты.
«QazaqGaz «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін Қазақстан Республикасының негізгі газ компаниясы.