QazaqGaz топ-менеджерлері ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды
QazaqGaz ұлттық компаниясы топ-менеджерлері, аппарат басшысы Дидар Сағымбеков пен «ҚазТрансГаз-Өнімдері» ЖШС басқарма төрағасы Ернар Құлқыбаевтың ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Ұлттық компания аппарат басшысының қабылдау бөлмесіне хабарласқан ҚазТАГ агенттігі екі қызметкердің де жұмыс орнында отырғанын анықтаған.
«Дидар Маратұлы (Сағымбеков – ред.) жұмыста, Ернар Құлқыбаев та жұмыста отыр», – деп жауап берген компания өкілдері.
Олар толығырақ ақпарат алу үшін баспасөз қызметіне хабарласуды ұсынған. Алайда QazaqGaz баспасөз қызметі Курсив қоңырауына жауап бермеді.
Осыған дейін Қазақстанның мұнай және газ кеңесі телеграмм арнасы 21 қарашада QazaqGaz жүйесіндегі топ-менеджерлері ұсталғаны туралы хабар таратқан.
«Біздің дереккөздеріміз 21 қарашада QazaqGaz-да тінту жүргізіліп, топ-менеджерлері ұсталғанын хабарлады. Яғни мән-жай анықталғанға дейін орталық кеңсе аппаратының басшысы мен «ҚазТрансГаз-Өнімдері» ЖШС еншілес компаниясының басшысы ұсталды»,– деп жазды телеграмм арна.
Арнадағы ақпаратқа сүйенсек, компания орталық аппаратының өзге кеңселерінде де тінту жұмыстары жүргізілген.
Үкімет кулуарында энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ілиясов бұл мәселеге қатысты ақпарат беру министрлік құзыретіне жатпайтынын айтты.
«Жемқорлыққа байналысты ұсталу туралы біз апқарат бере алмаймыз. Себебі бұл біздің міндетімізге жатпайды. Бұл туралы құқық қорғау органдары айтуы керек. Заң бойынша (Энергетика – ред.) министр де, министрлік те бұл туралы ақпарат бере алмайды», – деді Ілиясов.
Kursiv тілшісі хабарласқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз хатшысы да бұл мәселеге қатысты өзінде ақпарат жоқ екенін айтқан болатын.
«QazaqGaz «Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы – отандық, сондай-ақ шетелдік газ нарығында мемлекеттің мүддеcін білдіретін Қазақстан Республикасының негізгі газ компаниясы.
Биыл QazaqGaz жалғыз акционері – «Самұрық-Қазынаға» дивиденд ретінде 27,1 млрд теңге немесе 2022 жыл қорытындысы бойынша алынған таза пайданың 7%-ын төлеген.
QazaqGaz компаниясы 2025 жылы IPO-ға шығуды жоспарлап отыр.