10 млрд теңге салықтың кесірінен «Тарбағатай-Мұнай» компаниясы банкрот болуы мүмкін
Мәжілісмен Ермұрат Бәпи Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа бүгін жолдаған депутаттық сауалында «Тарбағатай-Мұнай» компаниясын салық және прокуратура органдары «қылқындырып» тастағанын айтып дабыл қақты.
«Салықтық міндеттерді тексерудің көпе-көрнеу бұрмалануы салдарынан серіктестікке 10 млрд теңгенің қосымша салығы мен өсімпұлы салынған. Егер «саусақтан сорылып» салынған осы салықтың салдарынан серіктестік өз жұмысын тоқтататын болса, 200-ден астам газөндіруші жұмыссыз қалайын деп тұр», – деді депутат.
Ермұрат Бәпи Үкіметтен қытайлық инвестор бас-көз болып отырған Шығыс Қазақстан облысындағы «Тарбағатай-Мұнай» компаниясының 10 млрд теңге салық дауын шешуге және 100 млн тонна мұнай бар кен орнын игеруге көмектесуді сұрады.
«2007 жылдан бері Зайсанның «Сарыбұлақ» кенішінде өз қаражатына барлау жүргізіп, оны өз күшімен және шетелдік инвестицияның көмегімен ашып, 100 шақырымға жуық газ құбырын тартып, облыс әкімшілігінің сұранысы бойынша 7 млн доллар жеке қаражатына Зайсан тұрғындарына газ тартып берген компания бүгінде банкрот болудың алдында отыр», – деп түсіндірді депутат мәселенің мән-жайын.
Ермұрат Бәпидің баяндауынша, компанияның банкроттығына Зайсандағы газ қорының таусылу қаупі себеп болуы мүмкін екен.
«Енді бірер жылда жергілікті халық қайтадан «таз кепешін» киіп, көмір мен тезек жағуға көшеді. Газ қорының шектеулі екені әу баста билікке ескертілген. Компания құрылтайшылары газшыларды жұмыссыз қалдырмау үшін, жердің терең қабатында жатқан ауыр мұнай қорына барлау жасаған. Анықталған көлемі 100 млн тонна болатын осы ауыр мұнайды өндіріп, Қытайдың «Қарамай» зауытына дейін құбыр тартып, өңделген өнімнің үлесі арқылы табыс табуды көздеп отыр. Бұл өндіріске 200 млн доллар инвестиция жұмсауға ықыласты Гонгконг компаниясы дайын тұр», – деді депутат.
Мәжілісмен бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес екенін мәлімдеді.
«Себебі заңсыз салынған салықтың салдарынан компания жабылып тынатын түрі бар. Президент Тоқаев әлемді шарлап, ел экономикасы үшін жер-жерден инвестиция іздеп жүрсе, елдегі арамтамақ менеждерлер «өз аяғымен» келіп тұрған жобаны «бесігінде тұншықтырып» өлтірмек», – деді Ермұрат Бәпи.
Оның айтуынша, серіктестік қосымша салынған салықтың заңсыздығын соңғы 2 жыл бойы дәлелдеп, ақыры өткен жылы тамыз айында Жоғарғы сотта ақиқатқа жеткен. Бірақ арада бір ай өткенде Бас прокуратураның шағым-талабымен Жоғарғы сот өз ақиқатын бұзып, компанияны қайтадан 10 млрд теңге қарызға батырған.
«Сіздің кабинетке қай мүддені қорғау маңызды? Түп-төркіні күдікті бір реттік 10 млрд теңгемен бюджеттің жыртығын уақытша жамап-жасқау маңызды ма, жоқ әлде бұған дейін сол бюджетке 130 млн доллар салық төлеп, ел экономикасына 300 млн доллардан астам инвестиция әкелген компанияның жұмысына жәрдем жасау маңызды ма? Егер есеп-қисабы адал бұл компания салықтық қудалаудан құтылар болса, алдағы уақытта жылына 20 млн долларға жуық салық төлеп, 2035 жылға дейін Сарбұлақ кенішінің 100 млн тонналық қорын игереді екен. Бұл мұнайдан қосымша экспорттық салық түсетінін Сіз білсеңіз керек», – деді депутат Үкімет басшысына бағыттаған сауалында.
Ермұрат Бәпи Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан. «Бас прокуратура мен салықшылардың репрессиялық әрекеті президенттің экономикалық саясатына нақақ қастандық – саботаж жасау болмай ма?», – деп сұрады.
Мәжілісмен премьер-министрге 10 жылдың ішінде Зайсанның ауыр мұнайы игерілмейтін болса, бұл кеніш ешқашан қажетке жарамай, жер астында қалатынын жеткізді.
«Әлемде балама қуат көздерінің үлес салмағы күн өткен сайын артып келе жатқан заманда, өзіндік құны қымбатқа түсетін, жердің терең қойнауынан өндірілетін ауыр мұнай әлемдік конкуренттік нарықта сұранысқа ие болмайды. Сондықтан үкіметтен бір тиын қаржы сұрамай, өз мүмкіндігімен және үкіметтік гарантияны қажет етпейтін шетелдік инвестордың көмегімен жұмыс істеймін деп отырған «Тарбағатай-Мұнай» компаниясын салықтың қыспағынан құтқаруға араша түсудің мүмкіндіктерін қарастыруыңызды сұраймын», – деп қорытты депутаттық сауалын Ермұрат Бәпи.