Жаңалықтар

Үкімет 1 трлн теңгенің активтері мемлекетке қайтарылғаны туралы есеп берді

активтер
Фото: shutterstock

Бүгінгі таңда мемлекетке қайтарылған активтер құны шамамен 1 трлн теңгеге жеткен. Бұл жайлы президенттің сайлауалды бағдарламасына қатысты Үкімет үйі жариялаған есепте жазылған.  

«Бүгінгі таңда мемлекетке құны шамамен 1 трлн теңге сома болатын активтер қайтарылды. Оның шамамен 600 млн доллары басқа юрисдикциялардан қайтарылған. Мысалы, БАӘ-ден шамамен 15 млн доллар, Австриядан 82 млн доллар, Лихтенштейннен 260 млн доллар, Гонконгтан 2 млн доллар қайтарылды» – делінген онда. 

Сонымен бірге 2022-2023 жылдары 41,3 млрд доллар тікелей шетелдік инвестициялар тартылған. Ал экономиканы демонополизациялау бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, демонополизациялау жөніндегі комиссия жұмысының нәтижелері бойынша республикалық меншікке ірі 14 акционерлік қоғам, ЖШС акция пакеттері мен қатысу үлестері қайтарылған және 7 ғимарат, 162 теміржол мен теміржол нысаны, автомобильдер, ақшалай қаражат пен басқа да мүліктер мемлекет меншігіне өтті.

Президенттің Сайлауалды бағдарламасында қойылған мақсаттарды орындау үшін Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары өзектендірілген. Оған сәйкес көлеңкелі экономиканың үлесін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 15%-ына дейін төмендете отырып, ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне жеткізу жоспарланған.

«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заң қабылданып, нәтижесінде 11,3 млрд теңгеден астам сомаға 7,1 мың азамат банкрот деп танылды.

Еске сала кетсек, 7 маусымда Мәжіліс заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтаруға қатысты заң жобасын мақұлдап, оған 12 шілде күні Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. 

Ал тамыз айында елімізде «Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компания» құрылды. Бұл компанияның міндеті – мемлекетке қайтарылған активтерді оның атынан меншігіне қабылдау, мемлекет кірісіне айналдырылған активтердің сақталуын және ұсталуын қамтамасыз ету. Сонымен бірге активтерге билік ету, активтерді өткізуден түскен қаражатты Арнаулы мемлекеттік қорға аударуды қамтамасыз етуде бұл компания өзіндік рөл атқармақ.