Құрамында спирті бар дәрілер қаншалықты қымбаттайды – Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіріп берді

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: kursiv.media

ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті спиртке акцизді енгізуге байланысты құрамында спирті бар дәрілер қаншалықты қымбаттайтынын айтты.

«2022 жылы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап дәрілік заттарды өндіру кезінде пайдаланылатын спиртке 1 литр спирт үшін 600 теңге мөлшерлеме бойынша акциз салынатын болады. 1 мл спиртте акциздің сомасы небәрі 60 тиынды яғни 1000 мл үшін 600 теңгені құрайды», – делінген баспасөз хабарламасында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, дәрілік заттарды өндіруде спирттің аз ғана мөлшері қолданылатындықтан, бағаның өсуі де соғұрлым елеусіз болады.

Мәселен, бекітілген Технологиялық регламентке сәйкес 25 мл көлемдегі аналық шөп тұнбасын өндіру үшін 20,4 мл спирт қажет. Бір құтыдағы акциздің сомасы небәрі 12,2 теңгені құрайды. Тиісінше, бір құтыдағы тұнбаның бағасы 9,4%-ға артып, 142 теңге болады.

Егер «зеленка» гауһар жасыл ерітіндісін алсаңыз, онда 10 мл көлемдегі бір құты ерітінді өндіру үшін 6 мл спирт қажет. Бір құты үшін акциз сомасы небәрі 3,6 теңгені құрайды. Тиісінше, бір құтының бағасы тек 2,8%-ға артып, 134 теңгеге қымбаттайды.

Басқа дәрі-дәрмектердің бағасы шамамен 10 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Атап айтқанда, валериан тұнбасы құтысының құны 16 теңгеге немесе 10,8% өссе, ротокан құтысының құны 20 теңгеге немесе 4,1% өседі, ал меновазин құтысының құны 21,6 теңгеге немесе 7,4%-ға өседі.

«Осылайша, дәрілер бағасының қатты қымбаттауы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Сонымен қатар, қолданыстағы салық заңнамасына сәйкес фармацевтика саласы салықтар бойынша белгілі бір жеңілдіктерге ие, мәселен дәрілік заттардың өндірісі мен импортына қосылған құн салығы салынбайды», – деп ескертеді комитет.

Еске сала кетсек 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап құрамында денатуратталмаған этил спирті бар дәрілер мен медициналық бұйымдарға акциз салынады. Бұл өз кезегінде, құрамында спирті бар, йод, корвалол, этанол секілді заттардың қымбаттауына алып келуі мүмкін екені айтылған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз