Көлік министрлігі «Яндекс.Такси» комиссиясын төмендетіп, көліктерге рұқсат беру талаптарын қатайтпақшы
Көлік министрлігі жүргізушілер мен автокөліктердің «Яндекс.Такси» платформасына қол жеткізу талаптарын қатаңдатуды, сондай-ақ «Яндекс.Таксидің» алатын комиссияларын төмендетуді жоспарлап отырғанын «Курсивке» Көлік министрлігінің автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті төрағасы Алтай Әли айтты.
«Комиссияны («Яндекс.Такси» жүйесінде алынатын комиссия – «Курсив») барынша азайтқымыз келеді. Тағы бір ескеретіні «Яндекс» платформасында болғысы келетін барлық жүргізуші хабарлама беріп, пайдалана алады. Бұл жүргізушілерді ешкім тексеріп жатқан жоқ, ал бұл қауіпсіздікке қатысты мәселені туғызады. Шын мәнісінде, біз тәуекелге барамыз. Клиенттерге оң рульді машиналар келеді, сондай-ақ ресейлік нөмірмен жүрген машиналар көп болды», – деді.
Оның айтуынша, платформа арқылы жұмыс істейтін көлік те, жүргізуші де жолаушылар тасымалына қойылатын талаптарға сай болуына қол жеткізу керек.
«Біздің талаптарымыз қандай? Машина қазақстандық болу керек, жүргізуші тексерілуі керек. Яғни хабарлама жіберіп, сосын, мысалы, лас, оң рульді машинада келіп тұратын емес, көліктің жолаушылар тасымалымен айналысуға рұқсаты болуы керек», – деді Алтай Әли.
Комитет төрағасының айтуынша, «Яндекс. Такси» мыңдаған жүргізушіні жолаушылармен байланыстырып, іс жүзінде қазақстандық нарықта монополист болып отыр. Сондықтан комиссия мәселесі маңызды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин егер Қазақстан 2021 жылдың мамыры мен 2022 жылдың 4 наурызы аралығында қызмет көрсеткен қытайлық Didi такси агрегаторын қайтарып алмаса, онда Қазақстан нарығында «Яндекс.Таксидің» монополист екенін мойындап, тиісті тарифтерді реттеуді бастау керектігін 2022 жылдың соңында-ақ айтқан болатын.
«Үшінші, пайыздық мөлшерлемені алу мәселесі. 26%-ға дейін (жолаушының тасымал үшін төлеген бағасынан алынатын комиссия) алады. 4% таксопаркке кетеді, алайда негізгі маржа бәрібір «Яндекске» кетеді. Мен мұны жобамен айтып тұрмын, мүмкін сәл көп, не аз шығар, алайда, ең бастысы, бұл өзекті мәселе. Бұл әлеуметтік мәселе, өйткені біздің шамамен 300 мыңға жуық жүргізуші агрегатордың қызметін пайдаланады», – деп атап көрсетті.
Көлік министрлігінің салалық комитет төрағасы «Яндекс» үлкен маржа ала отырып, машина жол-көлік оқиғасына түскенде, оны серіктес-таксопаркке итере салып, өзіне жауапкершілік алмайтынына да тоқталды. Сонымен қатар жалпы жұмыс істеу жүйесінің схемасына қатысты сұрақтар бар екені айтылды.
«Яндекс» жүргізушісі болсаңыз, сізге тапсырыс түскенде 15 секунд береді. Бұл тапсырысты былайша айтқанда, ойланбай, көзді жұмып аласыз. Қайда баратыныңызды білмейсіз, не жол ақысы, не болмаса маршрут көрсетілмейді. Бұл ретте егер сіз «Яндексте» тапсырысты алатыныңызды нақтылап, кейін бас тартатын болсаңыз, онда сізге айыппұл төлетеді. Яғни сізді тығырыққа тірейді. Ал бұл әділетсіздік қой», – деді ол.
Көлік министрлігі өкілі жолаушы да, жүргізуші де және платформа иесінің де көңілінен шығатындай, сондай-ақ олардың бір-біріне шағымданбауы үшін жүйедегі ойын ережесі ашық және әділ болуы керек екенін айтты.
Осы орайда, Алиай Әли әр алған тапсырысы үшін жүргізушіден 50 теңгеден ғана алатын және жүргізушіге жоспарланған маршрут пен тапсырыс сомасын бірден көрсететін қазақстандық «Апару» платформасын мысалға келтірді. Мұндай жағдайда тапсырысты алу не алмау туралы шешім қабылдау үшін барлық ақпарат жүргізушінің қолында болады. Бұл платформа еліміздің шығысында, оның ішінде Өскеменде танымал болды. Алайда компания қанша маркетинг жүргізсе де, ірі нарықтарда (Алматы, Астана және Шымкентте) айтарлықтай маңызға ие болмады. Google Play мәліметіне сүйенер болса, бұл платформаның қосымшасы 0,5 млн рет жүктелген екен. Қазақстан такси қызметі қауымдастығының басшысы Медет Құрманов 2021 жылы «Курсивке» берген мәліметінде «Яндекс» Алматының такси нарығының 80%-ын, ал Астанада 60%-ға жуығын иемденіп отырғанын айтқан еді.
Сондай-ақ комитет төрағасы «Яндекстің» жалпы кіріс көлемінде қазақстандық сектор аз орын алып тұрғанымен, отандық нарық үшін айтарлықтай үлкен сома жайында болып отырғанын атап кетті.
«Музыка, кино үшін төлейсің. «Яндекстің» 100% бизнесінің такси тек 10% немесе 15%-ын ғана құрайды. Егер мұны (такси- «Курсив») 100%-ға есептейтін болсақ, онда оның тек 10%-ы – бұл Қазақстан. Бұл қандай көлем мен ақша екенін түсініп отырған шығарсыз? Біз шамамен есептегеннің өзінде күн сайын біздікілер 80 млн теңгені «Яндекске» береді», – деді ол.
Көлік министрлігінің жолаушылар тасымалы нарығындағы қала, облысаралық және облыс ішіндегі тасымал саласында үстемдік ететін тағы бір ірі ойыншы – inDriveг-ге (ребрендингке дейін InDriver) қатысты сұрақтары бар.
«Мәселе InDriver-дің өз қолданушыларын бақыламайтындығында болып отыр. Жүргізуші уақытқа қарамай, 24 сағат бойы пайдалана алады. Жүргізуші робот емес қой, ол да шаршайды. Әр жүргізушіге қатысты қандай да бір жеке мәлімет болу керек, ол рульде күніне тоғыз сағаттан артық отырмау керек», – деді ол.
Комитет төрағасының айтуынша, Көлік министрлігі басшылығы өткен аптада Мәскеуде болған, сол жерде «Яндекс» басшылығымен тиісті сұрақтарды талқылаған. «Яндекс.Такси» ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығын түсініп, келісіп отырғанын айтты.
Бұған дейін қаржы вице-министрі Ержан Біржанов интернет-платформа және мобильді қосымша арқылы қызмет көрсететін таксистер, курьерлер, репетиторлар, фрилансерлер және басқа да тұлғалар 2025 жылдан бастап өз табысынан бірыңғай төлем ретінде 4% төлейтінін айтқан болатын.
Өзгеріс 2025 жылы жаңа Салық кодексі енгенде іске асады. Бірыңғай төлем мөлшерлемесі 4%, оның 1%-ы жеке табыс салығы, 3%-ы – әлеуметтік төлемдер.
Интернет-платформа арқылы салықтық әкімшілендіру осы тұлғалардың көрсеткен қызметтері үшін кірістерінің сенімді есебін қамтамасыз етеді. Олар тәуелсіз жұмысшылар ретінде қарастырылады (жеке саудагерлер емес).
Интернет-платформа олар үшін бір реттік төлемді ұстап, оны тағайындау бойынша аударатын салық агенті қызметін атқарады. Мұндай жұмысшылар үшін жылдық шектік табыс 4 мың ең төменгі есептік көрсеткішті құрайды – 2023 жылы бұл 13,8 млн теңге болады. Бұл ретте Қаржы министрлігі заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің тәуелсіз жұмысшылардан сатып алған қызметтері мен тауарлары үшін шығындарды салық шегеріміне салуға тыйым салуды талап етуде.
Ведомство былтырғы жылдың қазан айында интернет-платформа арқылы жұмыс істейтін таксистер мен басқа тұлғалар бойынша пилоттық жобаны іске қосуды ұсынған. Жоба аясында мұндай тұлғалар 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 31 желтоқсаны аралығында өз табыстарынан 1% ЖТС ретінде және әлеуметтік төлемдерді төлеу керек болған. Интернет-платформа салық агенті ретінде қолданылған. Шілде айында Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті пилоттық жобаның іске қосылғанын хабарлады.