Қарызға батқан ҚТЖ 9 айда 129,5 млрд теңге пайда тапқан

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы биыл қаңтар-қыркүйек айларында 129,5 млрд теңге пайда тапқан. Ұлттық компанияның 9 айдағы аралық шоғырландырылған қаржы есебі KASE сайтында жарияланған.

9 айдағы жалпы түсім 1,4 трлн теңгені құраған, былтыр осы кезеңде 1 трлн теңге көлемінде түсім болған.

Қаржы есебінде 9 айдағы операциялық қызметтен түскен түсім 238,8 млр теңгені құрағаны жазылған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен шамалас. Былтыр да операциялық түсім 238,7 млрд теңгенің айналасында болған.

Алайда қазір компания қарызға батып отыр. ҚТЖ-ның ұзақмерзімді міндеттемелері 2 трлн теңгеден асады. Қаржы есебінде компанияның міндеттемелері (қарызы) активтерінен 456,388 млн теңгеге артық екені жазылған. Соның 456,135 млн теңгесі есепті кезеңнен кейін 12 ай ішінде төленуге тиіс.

Компанияның «Қазақстан халық банкі» мен Forte bank алдында 2 ірі қарызы бар. Компания басшылары кредиторлармен бұл қарызды есепті кезеңнен кейінгі 12 ай ішінде емес, кейін төлеу мәселесін келісіп жатыр.

Үкіметтегі жиында «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев компания кірісінің артуына жүк тасымалының артуы себеп болғанын айтқан. ҚТЖ жүк айналымын 2023 жылы 274 млрд тонна-километрге дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

«Ағымдағы жылдың 10 айында жүк айналымы 7,2%- ға өсіп, 224,2 млрд тонна-километрді құрады. Негізгі өсімге экспорттық және транзиттік тасымалдар есебінен қол жеткізілді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда астық экспорты 32%- ға артты», –деді ол.  

Сондай-ақ оқыңыз