Қысқа позициядағы алыпсатарлар қор нарығындағы ралли салдарынан 43 млрд доллар жоғалтты
Фото: shutterstock.com
АҚШ қор нарығының көтерілуіне байланысты хедж-қорлар бір аптаға жетпейтін уақытта қысқа саудада 43 млрд доллар жоғалтты. Қарызға қызмет көрсету шығыны өскен компанияларға қарсы бәс тіккен алыпсатарлар сапасыз акциялар құны бұлай шарықтайды деп күтпеген еді.
Өткен аптаның сейсенбі мен жұма аралығында АҚШ пен Еуропадағы инвестициялық қорлар қысқа позиция бойынша 43,2 млрд доллар жоғалтқан. Бұл туралы S3 Partners талдау компаниясының есебіне сілтеме жасай отырып Financial Times хабарлайды.
S3 дерегіне сәйкес, хедж-қорларға, әсіресе, технология, медицина және тұтыну тауарлары мен қызмет саласындағы компаниялардың акцияларымен «арзанға ойнау» қымбатқа түскен. Мәселен, Carnival круиз компаниясы акцияларының кейінгі аптада 14 пайызға өсуі – қысқа саудадағы алыпсатарлардың $240 млн жоғалтуына әкеп соқты.
Қысқа саудадағы акцияларды бақылайтын индекстер күрт көтерілді, себебі нарықтағы көңіл-күй тез жақсарды. S&P 500-дегі қысқа мерзімді қарызы көп 50 қатысушыны бақылайтын Goldman Sachs қысқа сауда индексі осы айда рекорд орнатуы мүмкін. Financial Times басылымының жазуынша, индекс бұндай көрсеткішке былтырғы қазан айынан бері жеткен емес.
Басылым сауалнамасына қатысқан сарапшылар сапасыз акциялардың өсуі шорт-сквиз тудырды деп тұжырымдайды. Соның әсерінен хедж-қорлар өз капиталының бір бөлігін сақтап қалу және шығынды жабу үшін қысқа позициядағы акцияларды сатып алуға асығып, бұл акциялардың одан әрі қымбаттауына ықпал еткен.
«Биыл нарықтағы жағдай қиын болды, дегенмен дәл осы шорт-сквиз көптеген қордың жыл аяғындағы көрсеткішін төмендетеді, – деп атап өтті Barclays -тың еуропалық акциялар бойынша стратегі Эммануил Кау. – Ешкім (қысқа саудадағы алыпсатарлар – «Курсив») қоқыс акциялардан пайда таба алмады».
Контекст
S&P 500 индексін 2022 жылдың шілдесінен бергі ең жоғары деңгейге жеткізген ралли ФРЖ-ның кейінгі 40 жылдағы өте қатаң ақша-несие саясатын одан әрі жалғастыруға ниет танытпауынан туындаған еді. Ал АҚШ-тағы инфляцияға қатысты өткен аптада жариялаған есеп акцияларға қосымша күш берді. Кейінгі айда S&P 500 индексі – 8,8%, Nasdaq Composite индексі 11,3% өсті.
Goldman Sachs есебі бойынша, жетекші технологиялық қорлардың жоғары кірістілігіне байланысты, бір саладағы хедж-қор капиталының шоғырлануы 22 жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Капиталдың көптеп шоғырлануы хедж-қорлардағы сын-қатерді арттырады, сонымен қатар, оларға үлкен пайда әкелді. Goldman Sachs хедж-қорлардың ең танымал ұзақ позициялары деп таныған акциялардың кірісі биыл 31%-ға өсті.