Боранбаевқа тиесілі мейрамхана атауы тағы өзгерді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Боранбаевқа тиесілі мейрамхана атауы тағы өзгерді / Food Solutions KZ

Қазақстанда McDonald’s брендімен танылған мейрамханалар желісіне жаңа ат қойылды. Енді оның атауы I’m болды, деп хабарлайды «Курсив» тілшісі.

I’m атауына қосымша мейрамхана сөрелеріне Feel good restaurants ұраны жазылған («Көңілді мейрамханалар»).

Food Solutions KZ компаниясының өкілі жаңа атаудың мағынасын түсіндіріп өтті.

«Мен – маңыздымын. Мейрамханаға кірген әрбір адам маңызды», – деді Food Solutions KZ өкілі жаңа брендтің тұсаукесерінде.

Аталмыш шараға Қайрат Боранбаев келеді деп хабарланғанымен, ол өз компаниясының жаңа атауының тұсаукесеріне келмеді.

McDonald’s франшизасының мейрамханалары Қазақстанда 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келген. Оны Қазақстанға Қайрат Боранбаевқа тиесілі Food Solutions KZ компаниясы алып келген. 2022 жылға дейін мейрамхана желісі Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Қарағанды қалаларында жұмыс істеген. 2022 жылдың қараша айында АҚШ-тағы McDonald’s бас кеңсесі қазақстандық компания ресейлік тауарларды қолданды деп айыптап, Қазақстандағы мейрамханалар жабылған

2022 жылы наурызда қамауға алынған Қайрат Боранбаев Қазақстандағы мейрамханалар желісінің жабылуына өзіне қатысты тергеу ісінің әсері болмағанын айтқан. 

2023 жылы наурызда Қайрат Боранбаев сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан  айырылған. Қыркүйекте апелляциалық сот оның қамау мерзімін 2 жылға кемітіп, 6 жыл деп бекіткен. Осыдан кейін Боранбаев өзіне тиесілі кейбір активтерді мемлекет меншігіне қайтарып берген. 2023 жылы 6 қарашада Боранбаевтың қамаудан босап шығып, сот оның жазасын бас бостандығын шектеу қылып өзгерткені белгілі болды.

Көптеген активін елге қайтарғанымен, Food Solutions KZ компаниясы Боранбаевтікі болып сақталып қалды. 2023 жылдың қаңтар айында McDonald’s мейрамханалары қайта ашылып, компания атауының орнына «Біз ашықпыз» деген жазу тұрған. 2023 жылдың тамыз айынан бастап, атаудың орнына әртүрлі адам аттары жазылған.

Сондай-ақ оқыңыз