2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт тартылады

Жарияланды
2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге нысаналы трансферт тартылады / shutterstock

Сенат «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферт туралы» заң жобасын мақұлдады.

«Бюджет кірісіндегі кепілдік берілген және нысаналы трансферттердің көлемі Ұлттық қордың жинақтау функциясын қамтамасыз ету үшін Бюджет кодексінің нормаларын ескере отырып айқындалады. Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдік берілген трансферт туралы заң жобасы осы талаптарды ескере отырып әзірленді. Үкімет екінші жыл кепілдендірілген трансферттің мөлшерін бюджеттік нормаға сәйкес белгіледі», – деді Сенаттың жалпы отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Оның айтуынша, бұл ережелер Ұлттық қор қаражатының сақталуын қамтамасыз ету және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд долларға жеткізу мақсатын орындауға ықпал етеді.

Заң жобасында мұнайдың әлемдік бағасының шекті бағасы 2024 жылы барреліне 43,4 доллар, 2025-2026 жылдары барреліне 40,2-41,8 доллар деңгейінде белгіленген.
Осыған байланысты Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2023 жылғы 2,2 трлн н теңгеден 2024-2026 жылдары жыл сайын 2 трлн теңгеге дейін қысқартылады.
Республика деңгейіндегі әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға 2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланған.

Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд долларға жетеді деген болжам бар. Ал 2025-2026 жылдары және одан кейінгі жылдарда Ұлттық қордың валюталық активтері 80,7–93,3 млрд долларға дейін өсуі тиіс.

Айта кетейік 2023 жылы 10 ішінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке 3,7 трлн теңге трансферт бөлінген.

Осыған дейін Мәжілісте 2024 жылы бюджеттің шығыс бөлігі 24 трлн теңгеге жететіні туралы талқылау болған.

Сондай-ақ оқыңыз