Ақбөкен санын реттеуге рұқсат берілген 1,5 ай ішінде 22 мыңдай киік мүйізі тіркеліп, 900-ге жуығы тәркіленген

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Соңғы 3 жылда ақбөкендерді заңсыз аулаудың 307 фактісі анықталып, 18 008 ақбөкен мүйізі тәркіленген. Бұл жайлы «Курсивке» Экология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлады.

Осы жылы киік санын реттеуге байланысты аңшылыққа рұқсат берілгеннен кейін, 2023 жылғы 6 қазаннан 21 қарашаға дейінгі аралықта 21 724 ақбөкен мүйізі тіркелген. Сондай-ақ заңсыз жолмен ауланған 859 ақбөкен мүйізі тәркіленген.

Министрліктің хабарлауынша заңсыз аң аулау фактілері Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Қостанай облыстарында жиі кездеседі және көбінде ақбөкендердің Бетпақдала және Орал популяциялары заңсыз аңшылықтан көбірек зардап шегеді.

«Мұндай фактілер анықталған жағдайда фото, бейнетіркеу жұмыстары жүргізіліп, барлық материал құқық қорғау органдарының құзырына жіберіледі. Ал күдіктілерден заңсыз алынған жануарлар әлемінің объектілері, олардың тіршілік әрекетінің өнімдері, туынды заттар мен өндіріс құралдары сот шешімі шыққанға дейін тергеу органдарында сақталады», – делінген министрлік жауабында.

Қазақстанда киік аулауға ресми түрде рұқсат берілді. Бірақ аң аулауға қатысты уақыт шектеулері бар. Осы орайда киік мүйізін тіркеуге қатысты процедуралар өзгерген.

«Ақбөкендердің жойылуын бақылауды «Охотзоопром» РМК, Комитеттің аумақтық бөлімшелері жүзеге асырады. «Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенциясына» (CITES) сәйкес олардың санын реттеу шаралары нәтижесінде алынған ақбөкен мүйіздерімен «Охотзоопром» РМК айналысады. Сонымен қатар министрлік 2024 жылы әуесқойлық (спорттық) аңшылықты түрін ашады. Соған сәйкес аңшылық шаруашылық субъектілері өкілетті органға санақ туралы мәліметтерді бере отырып, аңшылық шаруашылықтар аумағындағы киіктердің санына есеп жүргізетін болады. Кейіннен ақбөкендердің санын реттеуге қатысты белгіленген лимит шеңберінде квоталар беріліп, киіктердің таралу аймағына қарай аңшылық алқаптарына бөлінеді», – деп хабарлайды министрлік.

Осы мақсатта Комитет тиісті нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізуді жоспарлаған. Сонымен бірге ақбөкен еті мен терісінң, мүйізінің заңсыз сатылуының алдын-алуға қатысты шаралар қабылданады. Осы орайда министрлік, «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде олардың айналымы Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен реттелетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз қолға түсіру, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабымен жазаланатынын ескертеді.

«Айта кетейік, CITES конвенциясына сәйкес киіктердің және олардың дериваттарының халықаралық коммерциялық саудасына тыйым салынған. Жануарлар дүниесінің халықаралық саудадағы қозғалысын тиісті органдар бақылайды. Сондай-ақ, 2024 жылға дейін киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын ғылыми мақсатта пайдалану мен реттеуді қоспағанда, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында пайдалануға ішкі тыйым салынды»,– деп хабарлайды министрлік.

Сонымен бірге, 2020 жылы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 339-бабына 1-1-бөлігі енгізілген. Оған сәйкес, киікті заңсыз қолға түсіру, жою, сол сияқты заңсыз қолға түсірілген киікті немесе дериваттарын, оның ішінде мүйіздерін иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, жөнелту, тасымалдаумен айналысқан адам – мүлкі тәркіленіп, үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Оған қоса комитет Ішкі істер министрлігімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, браконьерлікпен күрес мақсатында ақбөкенді сақтау «Сайгак» акциясын өткізеді. Осы іс-шараны жүзеге асыру барысында профилактикалық іс-шаралар күшейтіліп, Қазақстан аумағында киіктерді аулауға, олардың деривативтерін, сондай-ақ жабайы фаунаның басқа түрлерін сатуға және сатып алуға маманданған бірқатар қылмыстық топтардың жолы кесілген.

Еске сала кетсек, 2 млн ақбөкен 12 млрд теңге шығын келтіргенін алға тартқан министрлік, оның санын реттеу мақсатында, аңшылыққа рұқсат берген.

Үкімет киік санын қолдан азайтуды «қарал» тәсілі бойынша жүргізе алмағандықтан, атуға рұқсат берген. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев соңғы уақытта жаңбыр жиі жауып, ауа-райының қолайсыздығына байланысты қарал тәсілін жүзеге асыру қиындап кеткенінен аулауға рұқсат етілгенін айтты.

Осыған дейін ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің CITES конвенциясына сәйкес киік мүйізін сатуға тыйым салынғанын, Қазақстанның мүйізді экспортқа, дәрі-дәрмек мақсатында шығара алмайтынын айтқан. Ол тыйым мерзімі аяқталғанша, киік мүйіздері арнайы мемлекеттік кәсіпорындарда сақталатынын, өте қымбат киік мүйіздерін сақтау тиісті органдардың бақылауымен жүзеге асырылатынын мәлімдеген. 

Сондай-ақ оқыңыз