ҰЭМ болжамы: алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасы 6%-ға дейін өсіп, инфляция 5%-ға төмендейді

Жарияланды
ҰЭМ алдағы 5 жылда Қазақстан экономикасы 6%-ға дейін өсіп, инфляция 5%-ға дейін төмендейді деп болжайды / Фото: kursiv.media

2024 – 2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бойынша номиналды ішкі өнім 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. Бұл жайлы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Сенатта Елдің 2024 – 2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасы талқыланды. Әлібек Қуантыров мұнай бағасы барреліне 80 доллар болғандағы базалық сценарий бойынша әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды.

«Болжам бойынша 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,3 пайыз болады. Кейін 2026-2028 жылдары 6 пайызға дейін өседі. 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 5,8 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық саласында оң динамика күтілуде. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады», деді министр.

Қуантыров салалық экономиканың өсу қарқынына жеке-жеке тоқталды. Министрдің айтуынша, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызды құрайды. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайызға көтеріліп, тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан да озып кетуі мүмкін.

Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ кен орындарында өндірісті кеңейту нәтижесінде мұнай өндіру 100 млн тоннадан асады деп күтіліп отыр.

Ал ауыл шаруашылығының орташа жылдық өсімі 4,5 пайызды құрайды деп болжанады.

«Инвестицияларды игеру жағдайында құрылыс саласының жоғары өсу қарқыны күтілуде. Нақты сектордағы өндірістің өсуі қызмет көрсету секторының орта есеппен 6,3 пайызға өсуіне ықпал етеді. Ішкі тұтынушылық белсенділік сауда қызметтерінің орта есеппен 7,4 пайызға өсуіне ықпал ететін болады. Көлік саласындағы болжамды өсім орта есеппен 6 пайызды, «ақпарат және байланыс» саласында 7,8 пайызды құрайды. Салаларда экономикалық белсенділікті арттыруға инвестициялық жобаларды іске асыру, нақты сектор мен шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау жөніндегі шаралар ықпал ететін болады»,– дейді Қуантыров.

Министрлік ұсынған болжам бойынша экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 млрд долларға дейін ұлғаяды, импорт 60,7-ден 65,6 млрд долларына дейін өседі. Ал инфляцияның нысаналы дәлізі 2024 жылы 6-8 пайызда белгіленсе, 2025 жылы 5,5-7,5 пайыз деңгейінде айқындалған. Кейіннен 2026–2028 жылдары 5 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

«Бюджет кірістерінің негізгі өсімі экономиканың даму қарқынын ұлғайту және салықтық әкімшілендіруді жақсарту, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін төмендету есебінен қамтамасыз етіледі», – деді министр.

Сондай-ақ министр 2024 жылы ұлттық ауқымдағы әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық маңызды инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мақсатында Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланып отырғанын айтты.

«Жоспарлы кезеңде Ұлттық қордың валюталық активтері 2024 жылы 68 млрд долларға дейін қалпына келтіріліп, одан әрі 2025-2026 жылдары 80,7 – 93,3 млрд долларға дейін өседі деп болжанады. Номиналды мәнде республикалық бюджеттің шығыстары 2024 жылы 24 трлн теңгеден 2026 жылы 25,2 трлн теңгеге дейін біртіндеп ұлғаяды. Жалпы ішкі өнімге қатысты олардың 2024 жылғы 17,8 пайыздан 2025-2026 жылдары 15,6-14,6 пайызға дейін төмендеуі мүмкін», – деді ҰЭМ басшысы.

Сенат Үкімет ұсынған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024 – 2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заң жобасын толықтыру үшін мәжіліске қайтарды. Бұған бірқатар бапқа енгізілген өзгеріс себеп болды. Алдағы уақытта Мәжіліс жаңа редакциядағы құжатты қайта қарайды.

Сондай-ақ оқыңыз