Жылдық инфляция төмендеп, алдағы айларда бір таңбалы мәнге өтеді – Тимур Сүлейменов

Жарияланды
Инфляция баяулағанымен, ол таргеттен жоғары тұр /Фото: kursiv.media

Елімізде макроэкономикалық жағдай мен инфляция тұрақталып ЖІӨ 10 айда 4,9%-ға өскен. Бұл жайлы сенаттың жалпы отырысында Ұлттық бан төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

«Қазір экономиканың өсіп, инфляцияның едәуір төмендегені байқалып отыр.
Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 10 айда 4,9%-ке өсіп, оң динамиканы сақтап қалды. Ауыл шаруашылығынан басқа, экономиканың барлық секторында өсім бар», – деді банк төрағасы.

Ол ЖІӨ-нің өсуіне инфляциялық жағдайдың тұрақталғаны да себеп болғанын, атап айтқанда, жылдық инфляцияның ақпандағы 21,3%-дан қазан айында 10,8%-ға дейін төмендегенін айтты. Сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуі, Ұлттық Банк жүргізіп отырған ақша-кредит саясаты, Үкімет қабылдаған шаралар инфляцияның төмендеуіне айтарлықтай ықпал еткен. Банк басшысы алдағы айларда инфляция көрсеткіштері бір таңбалы мәнге өтетінін айтты.

«Жылдық инфляция төмендейтін болады және алдағы айларда бір таңбалы мәнге өтеді деп күтеміз. Алдағы уақытта жоғары базаның шығуын ескерсек, инфляцияның төмендеу қарқыны бәсеңдейді, бірақ сақталады. Сондықтан жылдық және айлық инфляцияның көрсеткіштерін және олардың таргет деңгейіне жақындауын мұқият қадағалайтын боламыз«, – деді Сүлейменов.

Десе де, ол инфляция баяулағанымен оның таргеттен жоғары деңгейде тұрғанын, жекелеген тәуекелдерге ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Оның айтуынша бірінші кезекте сыртқы сектордағы тәуекелдер бар. Атап айтқанда, әлемдегі базалық инфляцияның тұрақтылығы, жекелеген сауда әріптес-елдер тарапынан инфляциялық қысымның артуы, мұнай бағасының жаһандық инфляцияға әсері және геосаяси тәуекелдер.

Екіншіден, ішкі экономиканы фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер тарапынан бағаларға қысым сақталып отыр. Сонымен бірге Сүлейменов коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты инфляцияның арту тәуекелі бар екенін айтады.

«Осы орайда Ұлттық Банк инфляцияны әрі қарай тұрақтандыру үшін дезинфляциялық саясатты жалғастырады. Ұлттық Банк инфляция динамикасын және мемлекет дамуының өзге де макроэкономикалық параметрлерін қадағалап, ақша-кредит саясаты бойынша жан-жақты сараланған, теңгерімді шешімдер қабылдайтын болады. Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп Инфляция деңгейін бақылау және төмендету бойынша 2023-2024 жылдарға арналған шаралар кешенін іске асыруды жалғастырады»,деді ол.

Ол сонымен бірге ифляциялық процестерді тежеу аясында мемлекеттік қаржыны теңгерімді ету және оның мұнай түсімдеріне тәуелділігін төмендету бойынша реформалардың қажет екенін де айтты. Ұлттық банк төрағасы ол үшін 2024 жылдан бастап республикалық бюджеттің параметрлерін қалыптастыру мен нақтылау кезінде бюджеттік жоспарлау сапасын, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және контрциклдық бюджет қағидаларын қатаң сақтау қажет деп санайды.

Тимур Сүлейменов осыған дейін де  жыл соңына дейін инфляцияның 10%-дан төмендеуі мүмкін екенін айтқан. Онда инфляциялық жағдайға коммуналдық реформаның әсері болатынын атап өткен болатын.

Нарық қатысушылары да 2024-2025 жылдары инфляция төмендеп, теңге құнсызданатынын болжады. Атап айтқанда, Қазақстанда инфляция 7-8 пайыз деңгейінде, ал ЖІӨ өсімі 4,5-5 пайызға жетеді деп күтілуде. Ал доллар бағамы алдағы екі жылда 477,8 және 490,7 теңге айналасында қалыптасып, теңге құнсыздануы ықтимал. 

Сондай-ақ оқыңыз