Жаңалықтар

Жаңа Су кодексі: Қазақстанда 20 шақты су қоймасы салынады 

2025 жылға дейін сыйымдылығы 1 700 млн м3 болатын жаңа 9 су қоймасы салынады /Фото: Ашық дереккөзден

Үкімет үйі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы негізінде еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша қандай шаралар атқарылып жатқаны туралы есебі мен болашақта атқарылатын іс-шаралар жоспарын жариялады. Оған сәйкес елімізде 20 шақты су қоймасы салынады.

Ауылшарушылығы үшін маңызды сумен қамту мәселесін шешу үшін жаңадан Су кодексі жобасы әзірленген. Жобада сумен жабдықтау, су бұру, суару мәселелері, су шаруашылығы нысандарының қауіпсіздігі сияқты көптеген бағыттар қамтылған.

Оған сәйкес елдің су шаруашылығы жүйесі жаңғыртылады. 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 млн м3 болатын жаңа 9 су қоймасын салу жоспарланған. Ол қоймаларды ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалану жоспарланып отыр.

Ал екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн м3 астам су жинауға арналған 11 су қоймасын салу қарастырылған.

«Сонымен қатар республикадағы суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы ауданын 1,8 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін ұлғайту, қолданыстағы 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ 212 каналдың суды есепке алу жүйесін цифрландыру жоспарланып отыр», –делінген есепте.

Сонымен бірге президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша шаруалар 40 млрд теңгеге 1053 комбайн мен трактор сатып алған. Оған қоса 2,8 мың бірлік мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге мемлекетке 8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер қайтарылған.

Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту және ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүріп жатыр. Жоба аясында республикадағы барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысын кооперативтік кәсіпкерлікке тарту, шағын несие беру есебінен 350 мыңнан астам жұмыс орнын құру және өткізу нарығына шығуды қамтамасыз ету көзделіп отыр. 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтитын жобаны жүзеге асыруға барлығы 1 трлн теңге қарастырылған.