Данабек Әбілдаев, Shyraq Education директоры: Ауыл балаларын IT-ге бағыттайтын ментор керек
Жарияланды
(жаңартылды )
Атыраудағы ауыл балаларына IT-дің қыр-сырын үйретіп, бағыт беріп жүрген Shyraq Education қоры туралы бас қалада өткен IT-форумда естігенбіз. Аймақтарда ақпараттық технологияның дамуына септігін тигізетін мұндай жобаның жұмыс барысын, нәтижелері мен жоспарын білгіміз келіп, қордың құрылтайшысы әрі директоры Данабек Әбілдаевқа хабарластық. 29 жастағы Данабек — Атыраудың қазақ-түрік лицейін бітірген, Назарбаев университетінің түлегі. Қазір бар күшін Shyraq Education-ды дамытуға салып жатыр.
– Shyraq Education жұмысын бастағанына бір жылдан асты. Осы уақыт ішінде жоспарлар ойдағыдай іске асты ма? Жұмыс қарқыны қалай жүріп жатыр?
- Қор ашылғалы бері жұмыс қарқынды жүріп келе жатыр. Миссиямыз — Қазақстан жастарының, әсіресе, ауыл және елдімекен оқушыларының потенциалын арттыру. Қазіргі конкуренция мықты заманда әлемнің алдында жүрудің бірден-бір жолы IT деп санаймын. Сондықтан жобаларымыздың бірі — әлемдегі ең сұраныстағы IT-бағдарламаларды оқыту. Оның ішіне графикалық дизайн, 3D модельдеу, уеб және спорттық бағдарламалау кіреді. Бірақ біз оқушылардың техникалық жағын ғана дамытып қоймай, олардың ой-өрісін де кеңейткіміз келеді. Сондықтан оқушыларға түрлі семинар өткіземіз. Барлығына тегін қатысуға болады.
- Бүгінге дейін қанша баланы оқытып, қандай іс-шаралар өткізгендеріңізді айта кетсеңіз.
- Санмен айтатын болсақ, осы уақытқа дейін 160 ауыл оқушысын IT-бағдарламаларға оқытыппыз. Одан бөлек, 20 шақты семинар, 2 жәрмеңке және басқа да іс-шаралар өткіздік. Жұмыстың қарқынды жүру себептерінің бірі – оқушыларымыздың белсенді ат салысатынынан. Мысалы, ең басында, өзім сабақ беріп жүрдім, 2 ай бойы жалғыз ғана Геолог елді мекеніндегі Сәтбаев мектебінің оқушыларын оқыттық. Олар бағдарламаларды меңгеріп, басқаларды үйретуге дайын болған кезде, басқа ауылдарға шыға бастадық. Бұл кезде мен сабақ берген жоқпын, менің орныма басында оқытқан оқушылар сабақ бере бастады. Оларға айлық төлеп тұрдық. Қысқасы, бір кісіге, немесе мұғалімге байланбайтындай, экспонеттік түрде өсе алатындай бір жүйе құруға тырыстық. Қазірдің өзінде бізде 5 оқушы тренер бар. Олардың әрқайсысы біз ұйымдастырған шағын аттестациядан өтіп, өз бетімен басқаларға сабақ беретін деңгейге жетті.
- Керемет! Сабақтар қалай өтеді?
- Тренингтеріміз, яғни IT-сабақтарымыз толығымен офлайн, нақты тәжірибеге, жобаға сүйене отырып (project based) өткізіледі. Ұзақтығы 2-3 күннен бастап, 2-3 аптаға дейін созылады. Біздің мақсат — оқушыны бағдарламаның басты құралдарымен таныстырып, оқушы әрі қарай өзі қызығып оқитындай етіп жасау. «Тренингтерің тым қысқа, оқушы үйреніп үлгермейді, әрі қарай өзі қызығып оқымайды» деп айтатындар көп болды, әлі де бар. Бірақ мына статистиканы қараңыз: биыл жазда үш айда оқушыларымыз, яғни ауыл оқушылары 550 000 теңге тапты. Бәрі өзінің интеллектуал күшінің арқасында. Одан қала берді, оқушыларымыз IT стартап жасап жатыр. Ойын жасауға дайын. Кейіпкерлердің, ғимараттардың, өзге де элементтердің анимациясын, 3D моделдерін жасай алады. Қазір осының барлығына Unreal Engine қосу үшін қуатты компьютер алуға қаражат іздеп жатырмыз. Егер ойын жасап бастаса, оқушыларымызда миллион, тіпті миллиард долларға сатылатын әлеует бар деп айта аламын.
- Ауыл баласын IT-ге баулу идеясы қалай пайда болды?
- Жастардың дамуына көмектесу жолында жүргеніме көп болды. Университетте оқып жүргенде менторлық жобалар ұйымдастыратынбыз. Одан кейін жұмысқа орналасып, бір оқу орталығында жастарға арналған семинарлар өткіздік. Көбіне БИЛ, НЗМ оқушылары келетін. Олар онсыз да жан-жақты, көп нәрсені білетінін байқап, оларға менторлық қажет емес екенін түсіндім. Ал нұсқауды керек ететін — ауыл балалары. Оларға барып түсіндіріп, көрсету керек. Өйткені ауыл балаларына ақпарат жете бермейді, офлайн оқыту қажет. Содан жұмысты заңды түрде атқару үшін қор ашып кірісіп кеттік.
- Қандай үздік кейсті атап өте аласыз?
- Тек бір кейсті айтып өту қиын, себебі жақсы дамып, нәтиже көрсеткендер көп. Бірақ ішіндегі ең жарқын екі оқушыны айта кетейін. Біріншісі — Елтай Қуандық. Елтай 10-сыныпқа дейін Махамбет ауылында (Атыраудан 60 шақырым жерде) оқып, кейін Атыраудағы Зияткер мектебіне оқуға түсті. Елтаймен сол жерде таныстық. Оған IT-бағдарламаларды оқыттық. Елтайдың графикалық дизайнға икемі барын байқадық. Соның арқасында ол басқа оқушыларға сабақ берді, тіпті Атырау телеарнасына бағдарламаға түсті. Қазір біздің қорда және тағы басқа жерлерде дизайнер болып, жалақы алып, жұмыс істеп жүр. Екінші оқушы — Әбусұлтан Мейрамбекұлы. Үйреткен бағдарламаларың ішінде Әбусұлтанға 3D модельдеу қатты ұнады. Өзі әрі қарай үйреніп, өте әдемі жұмыстар істеп, кейін біздің оқушыларға сабақ бере бастады. Қазір Әбусұлтан 3D модельден авторлық курсын, оюлары бар әдемі киіз үй жасап жатыр. Жоба толығымен қазақша. Курсты ақылы платформаларға салып қою жоспары бар. Қордың және де басқа ауылдың оқушыларына тегін болады.
- Үлкен қалаларда ақпараттық технологияның қарқынды дамуы қалыпты. Ал енді аймақтарда олай деуге келмейді. Атыраудағы ахуалды жақсы білесіз. IT-дің халі қалай?
- Қорымыздың жобаларының тағы бірі – Атырауда IT-комьюнити құрып, оны дамыту. Жоба аудиториясын қала не ауыл жастары деп бөлмейміз, бәріне арналған. Атырауда IT жағдайы өте қиын. Біздің қала мұнайлы астана саналады. Бұл жерде көбі мұнай және газ саласында жұмыс істейді. Бағдарламалаушы, әзірлеуші, IT маман аз. Көбі Алматыға, Астанаға немесе шетелге кетіп қалады. Қалада жалпы болғанымен, әрқайсысы әр жақта. Қазіргі іс-шараларымыздың мақсаты – IT-ге қызығатындарды жинап, жастарға IT-дің түрлі бағытын түсіндіріп, өзінің оқып жатқан салаларымен қоса IT-ді де ала жүрсін деген ой. Сонымен қатар, студенттерге өздері оқып жатқан жерлерде IT-клубтар ашып, кездесулер жасап және ең маңыздысы стартаптар бастауына сеп болғымыз келеді. Осы оқу жылынан бастап, белсенді түрде кездесулер өткізе бастадық. Әдетте, іс-шараларымызға 60-тан аса адам жиналады. Атырауда көп мекемеде аймақтағы IT-ді дамыту маңызды екенін байқадық. Сондықтан көбі біз кездесу ұйымдастырған кезде өткізетін жерді тегін қолдануға береді. Қолдау бар, енді тек жұмылып, жастардың қызығушылығын арттыру қалды.
- Жастармен тығыз жұмыс істегеннен түйген ойларыңыз қызық. Оларға қандай бағыт қызық?
- Қазіргі жастар Instagram, TikTok-та көп отырады. Шетелден келіп жатқан трендтің барлығынан хабардар. Соларды қайталайды, еліктейді. Өкінішке қарай, мұның пайдалы тұсы көп деп айта алмаймын. Әлеуметтік желіде көп отырғандықтан, шынайы қарым-қатынастан алшақтайды, тұйық өмір сүреді, құндылықтары ауысады. Ондайды көп оқушыдан байқадым. Басында кейбірімен тіл табысу қиын болды. Бірақ біздің семинарларға келіп, басқа да оқушылармен араласқан соң, ашыла бастады. Қазір бәрі жыладм өзгереді. Мұндай кезде жастарға көбірек көңіл бөлінуі қажет екенін түсіне бастадым. Оқушылармен бірге жұмыс істеген жағдайда өте керемет нәтижелер көруге болады. Мысалы, біздің жәрмеңкені (Shyraq fair) толығымен оқушылар ұйымдастырды. Тамағын пісірді, сатты, концерт бағдарламасын ойластырды, өздері өлең айтып биледі. Қор тек координатор рөлін атқарды. Жастармен жұмыс істеу өте маңызды. Сондықтан қазіргі уақытта Shyraq Mentorship жобасын бастап жатырмыз. Жобаның басты мақсаты – жастарда тұлғалық қасиеттер мен құндылықтарды дамыту. Бұл жерде оқушылар ментормен тығыз жұмыс істеп, soft skills дамытады. Бұйырса, жоба сәтті іске асады деп үміттенеміз.
- Shyraq Education 2024 жылға қандай мақсат қойып отыр?
- Алдағы жылға үлкен жоспарларымыз бар. Бастысы, ағартушылық жұмысымыздың сапасын түсірмей, ауқымын кеңейту. Әрине, бұл оңай жұмыс емес. Сондықтан қазір бар уақыт пен энергиямызды қордың жұмысын жүйелеуге және де үздік оқыту стратегияларын даярлауға жұмсап жатырмыз. Мысалы, осыған дейін біз ауылдарға өз командамызбен барып, сол жерде сабақ өткізіп, кешке қалаға қайтып жүрдік. Мұндай жолмен ауқымды үлкейту өте қиын. Онлайн видео түрінде оқытсақ, сапа құлайды. Сондықтан мынадай стратегияны тексеріп жатырмыз: әр ауылдағы мектеп өз-өзін оқытады. Әр ауылдың мектебінен ең белсенді 4 оқушыны таңдап аламыз, ол оқушыларды 1-2 ай бойы онлайн форматта қарқынды оқытамыз, апта сайын біздің қаладағы іс-шараларымызға шақырып тұрамыз. Қысқаша айтқанда, 1-2 ай бойы жетілдіреміз. Бұдан кейін олар өз мектебіндегі достарын, басқа оқушыларды оқытады. Қор тек қашықтан қолдау беріп отырады. Қазір осы бағытта жұмысымызды бастадық, қаншалықты жемісті болатынын тексеріп жатырмыз. 2024-те Атырау облысында ғана емес, Қазақстанның басқа өңірлерінде де жұмысымызды жүргізуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта қорымызды non-profit startup етіп таныстырамыз. Миссиямыз да жаһанды болып өзгереді. Бұлай істеу арқылы ісімізге қажет қаражатты Қазақстандық қана емес, шетелдік демеушілер мен инвесторлардан да тартуды жоспарлап отырмыз.