Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,75%-ға дейін төмендетті

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,75%-ға дейін төмендетті / kursiv.media

24 қарашада Қазақстан Ұлттық банкінің базалық мөлшерлеменің деңгейі туралы кезекті шешімі жарияланды. 

Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 15,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады

«Жылдық инфляция белсенді түрде баяулап келеді. Алдағы айларда оның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп күтіледі. Қазанда айлық инфляция орташа тарихи мәндерге дейін баяулады. Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің қатаң саясаты мен әлемдік азық-түлік бағасының төмендеуі аясында бәсеңдеп келеді. Алайда назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар. Ішкі экономикада фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс, жоғары және тұрақсыз инфляциялық күтулер тарапынан проинфляциялық қысым сақталып отыр», – деп түсіндірді Ұлттық банк өз шешімін.

Базалық мөлшерлемеге қатысты шешімді Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты комитеті бекітілген шешім қабылдау кестесіне сәйкес жылына 8 рет қабылдайды. 

Айта кетейік, 1 қарашада Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені сақтап қалып, оны бірден төмендету мүмкін емес екендігін айтқан болатын.

«16 пайыздық мөлшерлемені сақтау қазір неге маңызды және оны неліктен күрт төмендетуге болмайды деген сұрақтарға келсек. Инфляция – жеке тауарлардың қымбаттауы ғана емес, бұл экономикадағы жалпы баға өсуі. Ақша бар, бірақ оны жұмсауға болатын тауарлар болмаса, бұл жалпы азық-түліктен бастап, жылжымайтын мүлік, автомобиль және көптеген тауарлардың бағасының өсуіне әсер етеді. Сондықтан Ұлттық банк нарыққа артық ақша жібермеуге міндетті», – деп атап өткен Сүлейменов.

Сондай-ақ оқыңыз