Ұлттық банк тұтынушылық несиелендіруді азайтудың жолын іздейді
Ұлттық банк тұтынушылық несиелендірудің шағын және орта бизнесті несиелендіруден көп болғанына алаңдаулы. Бұл туралы базалық мөлшерлеменің төмендеуіне байланысты брифингте Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов айтты.
Сүлейменовтің айтуынша, жеке тұлғалардың несие алуы, бизнестің несие алуына қарағанда жылдам өсіп келеді. Былтырғы қыркүйек айымен биылғы қыркүйек айындағы өсімді салыстырғанда, тұтынушылық несиелендіру бизнесті несиелендіруден 2,5-2,6% жоғары болған. Тұтынушылық несиелендіру 27,6% өссе, бизнесті несиелендіру 10,5% ғана өскен.
«Бірінші кезекте мәселені шешу үшін ҚНРДА тарапынан нақты шара қолдану қажет. Ал біз өз тарапымыздан капиталдың контрциклді буфері мен оның модификацияларын қолданудағы кейбір мәселелер туралы құжат дайындадық. Оны бұрын қолданып көрмедік. Алғаш рет тұтынушыларды несиелендіруге қолдануды жоспарлап отырмыз», – деп жауап берді Сүлейменов журналистің «Ұлттық банк шағын және орта бизнес несиелендіруін көбейтіп, жеке тұлғалардың несие алуын азайтуға қандай жұмыс атқарып жатыр?» деген сұрағына.
Капиталдың контрциклді буфері кредиттік бум кезеңінде банктерге қосымша капитал резервін жинақтауға мүмкіндік береді. Осылайша ККБ экономикадағы кредиттеудің төмендеу қаупін азайтады.
Сүлейменов бұл резервтерді екінші деңгейлі банктер өз балансында құратынын айтып өтті.
Айта кетейік, 24 қарашада Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 15,75%-ға дейін төмендеткен.