Алматы маңынан Дубай, Сингапур, Тяньцзинь үлгісіндегі шаһар бой көтереді

Жарияланды (жаңартылды )
Алатау қаласы

Алматы маңынан Дубай, Сингапур, Тяньцзинь сынды халықаралық деңгейдегі шаһарлар үлгісіндегі Алатау қаласы бой көтереді. Бұл жайлы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет кеңесінде айтылды.

Жиында Алматы облысында Алматы және Қонаев қалаларының арасында тұрғызылатын Алатау қаласы (G4 City) құрылысының жобасы талқыланды.

Орталық мемлекеттік органдардың және өңір әкімдігі басшыларының қатысуымен шаһарды дамыту тәсілдері қаралды. Жоспарға сәйкес Алатау қаласы отандық және шетелдік инвестицияларды тарта отырып, жаһандық стандарттар бойынша жұмыс істейтін халықаралық бизнес-хабқа айналуға тиіс. Бұл ретте, Дубай, Сингапур, Тяньцзинь және т.б. сияқты әлемнің әйгілі орталықтарын құру тәжірибесі негізге алынбақ.

«Алатау қаласын дамыту Қытаймен және Орталық Азия елдерімен сауда және инвестициялық өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, бірқатар жаңа өндірістік және коммерциялық жобаны іске қосуға, түрлі салаларда озық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді. Осы мақсатта инвестициялар тарту және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалып, ынталандыру шаралары көзделетін болады. Бұл соның ішінде салық және кедендік артықшылықтарға да қатысты болмақ»,  – делінген үкімет үйінің хабарламасында.

Сонымен қатар Алатау қаласы аумағында ерекше құқықтық режим орнауы мүмкін. Атап айтқанда, онда АХҚО құқығын енгізу мәселесі қаралып жатыр.

Өз кезегінде, премьер-министр бұл жобаны жүзеге асыру барысында халықаралық тәжірибені ескеріп, тиімділігі жоғары шараларды қолдану қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ жиында бизнеспен өзара іс-қимыл кезінде, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы қажетті инфрақұрылым құрылысын жандандыру қажеттігі айтылды.

Еске сала кетсек, осыған дейін «Ашық НҚА» порталына Алатау қаласын құру туралы қаулы талқылауға шығарылды. Онда «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес, жаңа қала Алматы облысында пайда болатыны жазылған. Нақтырақ айтқанда, Алматы облысы Іле ауданының Жетіген ауылы бұдан былай республикалық маңызы бар Алатау қаласына айналады.

Сондай-ақ оқыңыз