7 жылға сотталды: мектеп есепшісі 46 млн теңге бюджет қаражатын ұрлаған
Алматы мектептерінің бірінде 46 млн теңгеден астам сомада бюджет қаражатын ұрлаған мектеп есепшісі 7 жылға сотталды. Бұл жайлы Алматы қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.
Мектептің бас бухгалтері бір жыл бойы өзінің жеке шотына штаттық кестеде қарастырылған жалақыдан асатын соманы заңсыз аударып келген.
«Аталған факті бойынша Бостандық ауданының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру бастады. Тергеу барысында мектеп бухгалтері өз кінәсін толығымен мойындады», – деп хабарлайды прокуратура.
Сот үкімімен кінәлі адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы яғни сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және ысырап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы сонымен бірге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырылған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Осыған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, білім беру жүйесінде бюджет қаражатын тұрақты жымқыру қылмыстық схемаларын ашты. Антикор 2020 жылдан бері білім саладағы қылмыстық істер бойынша 143 адам сотталғанын мәлімдеді. Олардың мемлекетке келтірілген залалы 11 млрд теңгені құраған. Оның 5,2 млрд теңгесі өтелген.
Ал бір жыл бұрын ШҚО-да жетім балаларға арналған мектеп-интернаттың директоры 12 миллион теңгеден астам бюджет қаржысын жымқырғаны белгілі болды. Оған 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.