Құрылтайшысы Құлыбаев: Сұйытылған мұнай газын сақтау паркіне 324 млн теңге айыппұл салынды

Жарияланды
Фото: Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Тимур Құлыбаевқа тиесі компанияның заң бұзғанын анықтады.

Агенттіктің хабарлауынша бұл компания нарықта монополия орнатып, нарыққа басқа субъектілердің кіруіне кедергі келтіріп келген.

Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті прокуратура органдарымен бірлескен тексерісте «Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің іс-әрекетінде өзінің үстем немесе монополиялық жағдайын теріс пайдалану бөлігінде, оның ішінде мәні бірдей келiсiмдерге объективті түрде ақталмайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолдану, нарықтың басқа субъектiлерiне тауар нарығына кiруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергiлер жасау және контрагентке шарт нысанасына жатпайтын, экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негiзсіз шарт талаптарын күштеп таңу бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілерін анықтады», – делінген агенттіктің хабарламасында.

«Сұйытылған мұнай газын сақтау паркі» ЖШС-нің басшысы – Асқар Сахауов. Компанияның үш құрылтайшысы бар. Оған Joint tehnologies ЖШС, Атырау МӨЗ-і және Көксеңгір ЖШС иелік етеді. Соңғысы туралы egov-тан ақпарат іздеп көрдік, бұл компания жойылған болып шықты. Ал Joint tehnologies компаниясының құрылтайшысы «Кипрос» ЖШС. Ал «Кипростың» қожайыны – Тимур Құлыбаев.

Агенттіктің хабарлауынша Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі Мамандандырылған сотының қаулысымен ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 159-бабының 3-1 бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін бұл паркке 324 млн теңгеден астам мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, жауапкершілікке тартылған. Сот шешімі заңды күшіне енген.

Осыған дейін БҚДА шілде айында Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа тиесілі PetroRetail компаниясының, халыққа QazaqOil брендімен танымал станциялар желісінің «ҚазМұнайГаздан» сатып алынған мұнай өнімдерінің бір бөлігін басқа жанармай құю станцияларына қайта сататынын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ оқыңыз