«Asia Credit Bank-тің» бұрынғы басшысы Ұлттық банкке қарызын жыл соңына дейін төлейді

Жарияланды
Фото:

«Asia Credit Bank-тің» бұрынғы басшысы Орифжан Шадиев Ұлттық банкке қарызын жыл соңына дейін өтейді. Бұл жайлы Ұлттық банкте өткен брифингте банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

«Сәуір айында Шадиевтің Ұлттық банкке 13,9 млрд теңге берешек екені айтылған. Қазіргі уақытта бұл қарыз мөлшері қандай? Қаншасын қайтарды?», – деп сұрады журналист.

Банк төрағасы нақты сандарды қазір айта алмайтынын, бірақ бұл сұраққа қатысты нақты жауапты жазбаша қайтаратынын, еш құпиялық жоқ екенін айтты.

«Бұл істе позитивті динамика бар екенін айтқым келеді. Жарты ақшасы төленіп қойды. Шадиев тарапы бізге жылдың соңына дейін қарызын төлық өтейтінін айтып жатыр. Шамамен 12 млрд теңгеге жуық қарыз болған. Егер барлығы сәтті өтсе, жыл соңына дейін төленуге тиіс. Біздің жауапты органдардағы әріптестеріміз тиісті келіссөздерді жүргізіп жатыр.», – деді Сүйлейменов.

Мәселенің мән-жайы: Шілде айында Алмалы аудандық соты «Азия Кредит Банкіне» 16,7 миллиард теңге көлемінде залал келтірді деген күдікке ілінген Орифжан Шадиевті бір жыл алты айға қауіпсіздігі ең төмен режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарған. Ол «Қызмет бабын асыра пайдалану» бабы бойынша кінәлі деп танылды.

Көп ұзамай кәсіпкердің қорғаушысы «Курсивке» Шадиевке қатысты шығарылған сот үкіміне шағымданатынын айтты. Айтуларынша, сот адвокаттардың келтірген дәлелдерін есепке алмаған.

Ақпарат көздерінің мәліметінше, 2019 жылы Патох Шадиевтің жиені Орифжан Шадиев «Asia Credit Bank» акцияларын бұрынғы иесі Сарыбай Қалмұрзаевтың ұлы Нұрбол Сұлтаннан сатып алған. Мәміленің бір ғана шарты болды –Сұлтан банкті аударады, ал Шадиев кепілде тұрған бірнеше несие бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Ол кезде 16 миллиард 699 миллион теңгенің мүлкі туралы сөз болған. Тараптар келісімге келіп, жаңа қожайын несиенің жалпы сомасын өтейтін Алматының жоғарғы бөлігінен 7 жер телімін банкке кепілге берген.

Алайда кейін олигарх кепілді өзгертіп, банк активтерінің орнына Алматының элиталық таулы аймағындағы 100 гектардан асатын бір учаскені кепілге қояды.

«Банкпен Соловьев арасында жасалған кепіл мәмілесінде, Соловьев кепіл ретінде ұсынған жер учаскесінің нарықтық бағасы 46,8 млрд теңге деп асыра бағаланған, ал кепілдің құны 23,4 млрд теңге көлемінде екені анықталған»,- делінген үкім мәтінінде.

Осылайша, Шадиев пен Соловьев жалған құжаттарды қолдану арқылы жер учаскесінің нарықтық құнын негізсіз көтеріп, AsiaCreditBank-іне 16,7 млрд теңгеге залал келтірді, деп айыпталған.

Шадиев тарапы: сотта бизнесмен өз кінәсін мойнына алған. Алайда банкке залал тигізу ниеті болмағанын айтып, соттан әділ шешім шығаруды сұрады. Соловьев кінәсін жартылай мойындады.

Кәсіпкер немен танымал? 2021 жылы Орифжан Шадиев Forbes журналының «Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері» тізімінде 40-шы орынды иеленді. 2018 жылы Forbes оның байлығын $177 млн ​​деп бағалады. Forbes мәліметтері бойынша, Шадиев 2021 жылдың қазан айындағы жағдай бойынша құрылыс бизнесінде активтері болған. Олар – «Integra Construction KZ» ЖШС және «PRIME System» ЖШС акцияларына ие болды. Кәсіпкер осы акциялар арқылы 2016 жылы 51 миллион еуроға сатып алынған итальяндық Todini Costruzioni Generali құрылыс компаниясына ие болған.

Шадиев Capital Bank Kazakhstan мен AsiaCredit Bank-тің иесі болған. Capital Bank Kazakhstan лицензиясын қайтарып алған соң, Ұлттық банк Шадиевтің үстінен 15,75 миллиард теңге өндіруді талап етіп сотқа жүгінген. Бұрынғы банкир мен Ұлттық банк 2024 жылдың желтоқсанына дейін берешекті бес бөліп төлеуді көздейтін бітімгершілік келісімге келген, алайда 2022 жылы Жоғарғы сот бұл келісімді бұзды. 

Сондай-ақ оқыңыз