Активтерді бәсекелес ортаға беруден Ұлттық қорға түсетін түсімдер тәртібі өзгерді
«Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 мамырдағы № 90 бұйрығына өзгерістер енгізіледі.
Оған сәйкес Республикалық меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер төлеу, борыштық міндеттемелерді өтеу және Заңның тармақшасында көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін жіберілетін, активтерді бәсекелес ортаға беруден түскен қаражаттың мөлшері мен нысаналы пайдаланылуы Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес айқындалады.
«Осы Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін түсімдердің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 22-бабы 2-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Жекешелендірудің 2016 – 2020 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1141 және «Жекешелендірудің 2021 – 2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы» 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулыларында айқындалған тізбелер (бұдан әрі – тізбелер) бойынша ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың және олардың еншілес, тәуелді және олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғалардың активтерін (бұдан әрі – компаниялардың активтері) бәсекелес ортаға беруден Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына (бұдан әрі – Ұлттық қор) түсетін түсімдердің тәртібін белгілейді», – делінген құжатта.
Құжатта «Қазақстан инжиниринг» (Kazakhstan Еngineering) ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының активтерін бәсекелес ортаға беруден түсетін қаражат есебінен Ұлттық қорға аударылатын қаражат мөлшері Қазақстан Республикасының экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес ішкі борышты өтеу үшін қажетті сомаға түзетілетіні жазылған.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетсек, Республика деңгейіндегі әлеуметтік және стратегиялық маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға 2024 жылы Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге көлемінде нысаналы трансферт тарту жоспарланған.