Жаңалықтар

Асқар Елемесов, «АКРА» АҚ Қазақстан филиалының жетекшісі: Шикізат өндіру бағытынан алшақтап, қайта өңдеу саласын дамытуымыз керек

Асқар Елемесов

Мерейтойлы теңге күні қарсаңында қаржыгер Асқар Елемесовпен негізгі қаржылық тақырыптар төңірегінде сұхбат құрдық. Қаржыгер тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қаржылық ахуал, қазіргі банк тенденциясы, цифрлы валютаның енгізілу тәуекелі және теңге бағамының тұрақсыздығы жөнінде пікірін білдірді.

Асқар мырза, биыл біздің қаржы нарығы үшін – мерейлі жыл. Төл валютаның айналымға енгеніне 30 жыл толды. Осы мерзімде қаржы секторы қалай дамыды? Егемендіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда қандай айырмашылық бар?

– Егемен Қазақстанның негізін қалау жолында ұлттық валютаны айналымға кіргізу ерекше маңызды оқиға болды. Өйткені жеке валютаның болуы тәуелсіздіктің бір белгісі ретінде қарастырылады. Алғашқы жылдары жылжымайтын мүлік, көлік, тауардың ірі партияларын сатып алу бойынша барлық мәмілелер мен келісімшарттар доллармен немесе неміс маркаларымен жүзеге асырылатын. Сол кездегі экономикамыздың жағдайы өте қиын еді: инфляция шарықтап тұрды, бюджет тапшы, ал кәсіпорын біткен жабылып жатты. Ол кезде банктердің депозиті доллар арқылы қалыптасатын. Теңгемен несие берілген жоқ. Бизнес өкілдері өз кәсібін ұлғайту үшін долларлық несиені жылдық өсімі ондаған пайызбен рәсімдей алатын. Орта және шағын көлемде жузден астам жеке меншік банк халыққа қызмет көрсетсе, кеңес дәуірі жүйесінің негізінде қалыптасқан мемлекеттік банк саны бесеу болды.

Мұндай кезде жаңа қаржы жүйесін құрудың жалғыз мүмкіндігі – халықаралық стандарттарға мейлінше тезірек көшу. Сондықтан Ұлттық банк шешуші реформалар жүргізіп, 1995-2000 жылдар аралығында банктік қадағалау, бухгалтерлік есеп және есептіліктің үздік әлемдік тәжірибелерін енгізді. Сонымен қатар жүйені тұрақсыздықтан құтқару мақсатында нарықтағы ойыншылар санын күрт қысқартты. Бұдан кейін біртіндеп ұлттық валюта мен банк жүйесіне деген ел сенімі нығайды. Соның нәтижесі болар 2000 жылдардың бас кезінде Қазақстанның банк жүйесі ТМД-дағы үздік жүйе деп танылды. Елімізге ірі халықаралық қаржы топтары келе бастады. Әрине, содан бері өсуді де, құлдырауды да бастан өткердік. Әсіресе, 2008 жылғы дағдарыс қаржы-экономикалық блокқа өте ауыр тиді. Дегенмен отандық қаржы жүйесі осы сынақтың бәріне төтеп берді және жаңа шындықтарға бейімделе алды деуге негіз бар.

Қазір екінші деңгейлі банктердегі депозиттердің 70 пайызы теңгемен қалыптасып отыр. бұл – 30 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Сол кездерде халықаралық стандарттарды енгізуде, перспективалы қаржы жүйесіне көшуде кімдер және қандай шаралар өз рөлін атқарды?

– Әрине, ең алдымен Ұлттық Банк басшыларының сол кездегі тұтас буынына, жасаған реформаторларына алғыс білдіруіміз керек. 90-жылдардың ортасында Қазақстан халықаралық стандарттарды енгізу жолын батыл таңдады. Сөйтіп, жаңа ғасыр басында тек ТМД ғана емес, әлемнің ең серпінді экономикаларының біріне айнала алатынын көрсетті. Ең алдымен, 1993-1996 жылдары Ұлттық банк төрағасы болған Дәулет Хамитұлы Сембаевты айырықша атап өтер едім.

Жаңа 2000 жылдардың бас кезінде біздің банк секторы ТМД-да үздік болды дедіңіз. Кейін және қазір сол мәртебесін сақтап қала алды ма?

– 2008 жылы орын алған әлемдік дағдарыс алдында Қазақстан банктері өңірдегі ең үздік деп саналатын. Ол кездері қаржы ұйымының барлығы жекеменшікте болды. Жоғары сенімділікке ие бола отырып, шетелден үлкен қаржы тартып, жылжымайтын мүлік нарығына инвестициялады. Сол кездері жылжымайтын нарық қарқынды дамып жатты. 2007 жылы баспана бағасының күрт арзандап кетуі банктерді күрделі қиындықтарға душар етті. Олар бұл тығырықтан өз бетінше шығып кете алған жоқ. Нәтижесінде елдің бүкіл қаржы секторына құлдырау қаупі төнді. 2009 жылы бұл жағдайға амалсыз мемлекет араласты және Ұлттық қор есебінен жеке банктерді құтқаруға кірісті. Міне, осы кезден бастап біздің банк жүйесі ТМД-дағы үздік мәртебесінен айырылды. Бірақ арада бес жыл өтер-өтпесте жаңа өзгерістер жүре бастады. Әлемдік үрдістердің әсерін айқын сезіндік. Ең алдымен цифрландыру науқаны басталды. Қаржы саласы жаңа шешімдерді өте белсенді түрде енгізуге көшті. 2020 жылы басталған пандемия бұл процесті жеделдетіп, банктердің тиімділігі мен табысына қатты әсер етті. Жаңа мүмкіндіктерді уақытында пайдалану отандық нарық ойыншыларына өте тиімді болды, сондықтан кейбір ірі қазақстандық банктер қазір өңірімізде және одан тыс жерлерде де озық болып есептеледі.

Әлгінде өзіңіз айтып отырғандай, қазір банктер дамып, цифрлы технологияларды белсенді енгізіп жатыр. Сіздің ойыңызша, банк секторының қазіргі даму көрінісі отандық қаржы нарығына қаншалықты серпін беруде?

– Қазақстан Республикасы Бағалы қағаздар нарығының толық деңгейде дамымауы еліміздің қаржы саласының жүйелі проблемаларының бірі дер едім. Бұл ретте мемлекеттік деңгейінде өзіміздің рейтингтік индустриямыздың маңызды элемент болып қалыптаса алмауы қиындық тудырады. Сондықтан мен еліміздің әртүрлі қаржы институттарында жұмыс істеген отыз жылға жуық уақыттан кейін қазір Ресейдің жетекші рейтингтік агенттігі АКРА агенттігінің («Аналитикалық кредиттік рейтингтік агенттік» АҚ) қазақстандық кеңсесін дамытуға қолдан келгенше тырысып жатырмын.

Теңге бір кездері нығайған секілді көрінеді. Ал кейде күрт әлсіреп кеткенін байқаймыз.  Төл валюта бағамының тұрақсыздығына не себеп және оған қандай ішкі және сыртқы факторлар әсерін тигізіп жатыр?

– Ұлттық валютаның айырбас бағамы көптеген факторлардың әсерінен қалыптасады. Олардың қатарында мұнай мен өзге де шикізат тауарларының бағасы, жаһандық нарықтардағы ахуал, АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесі сияқты әлемнің жетекші орталық банктерінің саясаты, ел экономикасының жалпы тиімділігі бар. Қазақстан (планетаның басқа елдерінің көпшілігі сияқты) әлемдік ауқымда шағын экономика болғандықтан сыртқы факторлардың бізге қатты әсер ететінін түсінген жөн. Біздің валютамыз өткен ғасырдың 90-жылдарында көптеген объективті қиындықтарға тап болды, ол өте құнсызданған кезең еді. XX ғасырда валюта нарығындағы дүрбелең аздап басылды. Дегенмен сыртқы факторлар әлі де шешуші рөл атқарды. Соңғы жылдарды сараласақ, теңге тұрақты болды, дегенмен пандемия мен геосаяси жағдай айтарлықтай сыртқы тәуекелдерді тудырды.

30 жыл ішінде теңге дизайн тұрғысынан біршама өзгеріске ұшырады. Төл валютамыздың қазіргі кейпіне, яғни дизайнына көңіліңіз тола ма? Оған қандай да бір өзгеріс енгізу бойынша өзіңіздің ойыңыз, ұсынысыңыз бар ма?

– Ұлттық валютаның қазіргі кескіні маған ұнайды. Ал, дизайнды кәсіби білікті мамандар тобы жасайды.

Сарапшылар кейде «бізге тым қатты нығайған теңге керек емес, ол экономика үшін аса пайдалы болмайды» деген пікір білдіреді. Бұл пікірмен келісесіз бе? Әлсіз теңге неліктен экономикаға пайда әкелуі мүмкін? Тиісінше, теңге дәл қазір күрт күшейіп кетсе не болады?

– Жалпы, валюта бағамының шамадан тыс құбылмалы болуы (тұрақсыздығы) экономиканың дамуына зиян тигізеді, соның ішінде инфляцияны күшейтеді. Сондықтан азаматтардың басым көпшілігі үшін теңге негізінен тұрақты болғаны жөн.

Ұлттық банктің «цифрлы теңге» жобасын жасап жатқаны және оны алдағы жылдарда айналымға шығарғалы отырғаны белгілі. Сіздіңше, оның пайдасы мен тәуекелі толыққанды есептелді ме?

– Орталық банктердің цифрлық валюталары жалпы төлемді дамытудағы нағыз революцияны білдіреді. Бұл мәселеде Қазақстан әлемнің көптеген елдерінен озып, көш алдында келе жатыр. Әзірге мемлекет деңгейінде цифрлық валютаны кеңінен енгізу жүзеге аспады. Сондықтан бұл қадамның пайдасы мен зияны туралы барлық пайымдаулар тек теориялық тұрғыда.  Кез-келген жаңа технология сияқты, қолданудың сәттілігі алдымен мемлекеттің іс-әрекеті қаншалықты ойластырылған, оның ішінде қажеттілікті түсіндіруге және пайдалану қауіпсіздігі шараларына байланысты болады. Киберқауіпсіздік кез келген осындай бастама үшін маңызды қауіп болуы мүмкін. Өйткені мәселенің барлық басқа қырын Ұлттық Банк жақсы түсінеді.

Ұлттық валютаның алдағы даму перспективасына қатысты ойыңыз қандай?

– Теңгенің болашағы, кез келген ұлттық валюта сияқты, экономиканың жалпы жай-күйіне байланысты, оның бір көрінісі болып саналады. Қазақстан шикізат өндіру бағытынан алшақтап, қайта өңдеу саласын дамытқаны жөн. Халықаралық көлік жобаларына атсалысып, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына инвестиция салып, адами капиталын арттыруы қажет. Сонда біз еліміздің болашағына, оның ішінде теңгенің болашағына үмітпен қарайтын боламыз.

Сұхбатыңызға рақмет!