Цифрлы валютаның енгізілуі қарапайым азаматтардың күнделікті төлемі үшін қандай артықшылық береді?
Өзінің 30 жылдығын атап өту қарсаңында төл теңгеміздің бет-бейнесі де жаңарды, сондай-ақ «ішкі жан-дүниесіне де» бірқатар өзгеріс енді. Ұлттық валюта онлайн форматқа ауысып, цифрлы теңге деген атауға ие болды. ҰБ төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші түрі. Қолма-қол ақша секілді цифрлық теңге де ҰБ міндеттемесі болып саналады. Сәйкесінше, цифрлық теңге төлем құралы, құн өлшемі және айналым құралы қызметін атқарады.
«Пилоттық жоба аясында клиенттердің цифрлық шоттары арасында төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу функционалы қарастырылған. Сонымен қатар банктер халықаралық төлем жүйелерімен бірлесіп пилоттық цифрлық карталар шығарды. Бұл карталарды қолдана отырып, пайдаланушылар банктердің төлем инфрақұрылымы аясында жеке және заңды тұлғалармен әдеттегі режимде цифрлық теңге транзакцияларын жүргізе алады. Банктермен және Алматы қаласының әкімдігімен бірге «цифрлық ваучерді» пайдалану сервисі де іске қосылды. Бұл мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларын оңтайландыруға мүмкіндік береді», – дейді Шолпанқұлов.
ҰБ өкілінің сөзінше, цифрлық теңге – цифрлық инновациялық экономиканың заманауи сұранысына жауап беретін төлемнің жаңа құралы. Тиісінше, ол POS-терминалдар, QR-код, банктердің мобильді қосымшасы, биометрия сияқты әдеттегі банктік сервистер арқылы қолжетімді болады.
«Осының арқасында төлем тізбегіндегі бірқатар процесті автоматтандыруға және тиімділігін арттыруға жол ашылды. Сондай-ақ цифрлық теңге офлайн режимде транзакциялар тізбегін жүргізу мүмкіндігі арқасында интернет шектелген жерде де қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолжетімді етеді», – деп түсіндірді.
2024 жылы жоба жаңа қатысушыларды қосу және сервистерді көбейту арқылы кеңейе түспек.
«Атап айтқанда, бұл – интернетсіз цифрлық теңгедегі транзакцияларды жүзеге асыру функционалын іске асыру, трансшекаралық төлемдерді оңтайландыру, цифрлық активтер бойынша есеп айырысудың сенімді тетіктерін құру және басқа да инновациялар. Осы бағыттар бойынша дайындық жұмыстары мен алдын ала зерттеулер қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр. Мысалы, «SWIFT» сияқты халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықта трансшекаралық төлемдердің мүмкіндігі туралы зерттеу жүргізілуде. Биыл Халықаралық есеп айырысу банкінің mBridge бастамасына бақылаушы мемлекет ретінде қосылу жүзеге асырылды. Жоспар бойынша, цифрлық теңгенің нысаналы архитектурасын енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы керек», – деп қорытындылады Берік Шолпанқұлов.
ҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбековтің айтуынша, ұлттық валютаның жаңа формасы бірқатар бірегей қасиетке ие:
- Бағдарламалану;
- Халықаралық деңгейде төлем жасау;
- Смарт-келісімшарт орындау кезінде де технологиялық мүмкіндіктер ашу.
Цифрлық теңгеге арналған цифрлық карталар екі халықаралық төлем жүйесі – Visa мен Mastercard және екінші деңгейлі төрт банкпен серіктестікте шығарылып жатыр. Бұл карталар – клиенттердің цифрлық шоттары орталық банктің цифрлық валютасымен байланыстырылған әлемдегі алғашқы карталар. Бұл азаматтарға инновацияларды (Apple Pay, NFC және т.б.) қолдана отырып, оның ішінде цифрлық теңгемен шоты жоқ сауда-сервистік кәсіпорындар үшін әлемнің кез келген нүктесінде дәл қазіргідей ыңғайлы – цифрлық теңгеде ақша жұмсауға, қолма-қол ақша алуға және операциялар жасауға мүмкіндік ұсынбақ. Бүгінгі таңда сервис тәжірибелік-өнеркәсіптік пайдалануға берілді және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп кезең-кезеңімен ауқымын кеңейте беретін болады.
«Цифрлық теңге инновациялық қаржылық қызмет көрсетудің негізін құрайтын блокчейн технологиясының әлеуетін ашады, төлемдерді тиімді етеді, сонымен қатар дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер арасына «көпір» болады. Цифрлық теңге экожүйесі іске қосылды, енді көп ұзамай қазақстандықтар оның алғашқы өнімдерін пайдалана алады», – дейді ҰТК Төрағасы Бинур Жаленов.
Оның айтуынша, бүгінде қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 85%-ға жуықтап, соңғы 5 жылда 16 есеге жуық өсім байқалды.
«Тұтынушылар цифрлық теңгені өз қалауы бойынша қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгеге ұқсастығы бойынша пайдалана алады. Азаматтар теңгенің қолма-қол, қолма-қол ақшасыз немесе цифрлық түрін пайдалануды дербес таңдай алады. Таңдау толығымен азаматқа байланысты. Олар инфрақұрылым – төлем нарығына қатысушылардың мобильді қосымшалары, банк карталары, NFC, QR арқылы шоттар аша алады, төлей алады, аудара алады және цифрлық теңгемен өзге де операциялар жасай алады. Цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз теңгенің қасиеттерін біріктіреді», – дейді.
Айырықша атап айтар нәрсе – цифрлық теңгенің криптовалютадан немесе стейблкоиндерден түбегейлі ерекшеленетіні. Өйткені оның Ұлттық Банк атынан бірыңғай эмитенті бар. Оны шығару және өтеу азаматтың талабы бойынша орталық банк платформасында жүзеге асырылады. Транзакцияларды қауіпсіз жүргізуге және қаражаттың сақталуына Ұлттық Банк кепілдік береді.
«Сонымен қатар цифрлық теңге платформасы смарт-келісімшарттар арқылы автоматтандыру арқасында процестегі делдалдар санын азайта отырып, азаматқа мемлекеттік міндеттемелерді жеткізуді жеңілдетеді. Мемлекеттік қолдаудың елеулі көлемі азаматқа тікелей емес, қызмет провайдеріне субсидиялау жолымен көрсетіледі. Яғни, төлем қызмет көрсету туралы есептер негізінде мемлекеттен көрсетілетін қызметті берушіге өтеді. Цифрлық теңгенің смарт-келісімшарттары сәйкестендіру, есептілікті қалыптастыру және транзакцияны бір қозғалысқа сүйемелдеу бойынша күрделі процестерді біріктіруге мүмкіндік береді. Осы технологияның нақты қосымшалары биыл іске қосылуда», – деп түсіндірді Бинур Жәленов.
ҰБ мәліметінше, қазірдің өзінде әлемде 90-нан астам орталық банк цифрлық валюталарын енгізуді зерттеп жатыр. Ал Қытайды, БАӘ-ні қоса алғанда, 30-ға жуық орталық банк пилоттық тұрғыда іске асыруда. Халықаралық есеп айырысу банкі мен SWIFT сияқты ұйымдар орталық банктердің цифрлық валюталарында трансшекаралық төлемдер үшін пилоттық платформаларды іске қосады. Осы бағытта цифрлық теңгені пайдалану ортамерзімді болашақта қазақстандықтар үшін трансшекаралық есеп айырысудың тағы бір арнасын құруға негіз болады деген сенім бар. Ол неғұрлым жылдам әрі арзан халықаралық төлемдер мен аударымдарды қамтамасыз етеді.
«Цифрлық теңге» жобасымен Қазақстан осы күн тәртібіндегі әлемдік көшбасшылардың бірі саналады.
Жоғарыда «цифрлық ваучер» ұғымы туралы да айтып қалдық. Соны тарқатып өтелік. Бұл – Алматы қаласының әкімдігі, «Қазпошта» АҚ және ONAY көлік холдингімен бірлесіп қолға алынып отырған мектепте тамақтандыруға арналған пилоттық жоба. ҰБ өкілдерінің түсіндіруінше, оқушы қоғамдық көлік картасының көмегімен мектептегі түскі асқа сапарын растай алады. Осы растау негізінде әрбір оқушының әрбір нақты түскі асына ақша мектептің цифрлық шотынан мектеп асханасы операторының цифрлық шотына төленеді. Нәтижесінде, мектеп пен ата-аналар онлайн режимде нақты қанша бала қызмет алғанын көреді. Асхана пайдалану үшін бірден қаражат алады. Ал төлемдер күрделі есептілікті қажет етпестен, онлайн режимде өтеді. Бұл мемлекеттік қаражатты жұмсаудың ашықтығын арттырмақ.
Цифрлық теңге кезең-кезеңімен, 3 фазада, 2025 жылдың соңына дейінгі мерзімде енгізіледі. Биыл цифрлық теңге бөлшек айналымға кірді.